Жапония елінің мектептерінде табиғатқа тамсану сабағы пән ретінде оқытылады. Бұл ел тұрғындары табиғатқа парасатпен байыптап қарайды. Еуропалықтардан артықшылығы жапониялықтар табиғаттың 240 реңін ажыратады, ал мектеп оқушылары оның 40 түрлі түсін тап басып таниды.
Жапон тілінде табиғаттың түрлі құбылысына, жыл мезгілдеріне қатысты атаулар, тіркестер көп-ақ. Мысалы Жапонияның дәстүрлі күнтізбесінде әр ай екі бөлікке бөлінеді, демек бір ғана мезгіл атауларына байланысты 24 сөз бар. 6-19 қаңтар аралығы үскірік аяздың екінші кезеңі, 20 қаңтар – 3 ақпан аралығы ең қаһарлы қыс кезі, 3-15 наурыз – гүлдеген сакураға сүйсіну сәті, 6-20 мамыр – жазғытұрым бастауы деген секілді өзіндік атаулар бар.
Жапонияны тек Күн шығыс елі деп қана емес, жаңбырлы ел деп те атайды. Жапон жұртында бір жаңбыр атауын ашатын 120 тіркес бар. Бүрікпе жаңбыр, себелеген жаңбыр, сіркіреген жаңбыр, шатырды ұрған жаңбыр, қамыстай сыбдырлаған жаңбыр, қысқы жаңбыр, мұзды жаңбыр, үскірік жаңбыр, күзгі жаңбыр, (сакура) гүлді жаңбыр, алхоры жаңбыры, тамшылаған жаңбыр, мамыр жаңбыры, жасыл жаңбыр, тәтті жаңбыр, мейірімді жаңбыр, астыққа арналған жаңбыр, жаңбыр жасы, сылдыраған жаңбыр, т.б.
Құдіреті күшті тәңірдің тартуына, табиғаттың тіл жетпейтін сұлулығы мен ғажайыптығына қалайша тамсанбассың?! Жапония мектептерінде табиғатқа тамсану сабағы арнайы пән ретінде жүргізілуі балалардың бағына бұйырған.