Сирек кездесетін Pica синдромымен ауыратын Престон қаласының кішкене тұрғыны тағам ретінде қауіпті электротехника бұйымдарын тұтынады.
5 жасар британдық Джозеф Хьюз өз жасы үшін тым ерекше диетада. Балақайдың сүйікті тәттілері электр сымдары және өзге де өмірге қауіпті электротехникалық тұрмыстық құрылғылар болып табылады.
Баланың анасы 25 жастағы Кейт Джарвистің айтуынша, бірнеше жыл бұрын ол өз сәбиінің оғаш қылығына куә болған: балалар бөлмесіне кіргенде, ұлы телефон қуаттағыштың сымын толығымен дерлік жеп қойған екен.
- Мен өз көзіме өзім сене алмадым, - дейді Джозефтің анасы - Менің балам бір сымды толығымен жеп қойды. Мен ұлымның техникамен ойнауға құмар екенін бұрын да байқадым, бірақ бұл бізді осындай нәтижеге әкеледі деп ойламаппын.
Осы оқиғадан кейін Джозефтің отбасы уақыт оздырмай, жергілікті емхананың дәрігерлеріне тексеріледі. Бірнеше сағаттан соң, дәрігерлер желінген сымның бала денсаулығына айтарлықтай зияны тимегенін, алайда оның бойынан сирек кездесетін аурудың анықталғанын хабарлайды.
Анықталғандай, сәби Pica синдромына шалдыққан. Бұл аурумен ауыратын адамның бейорганикалық заттарға тәбеті ашылады екен. Дәрігерлер баланың тамақтану тәртібі бұзылғанын хабарлайды, өйткені Pica синдромының жүйке жүйесіне тікелей қатысы бар.
Баласына аз да болса көмек көрсету мақсатында Джозефтің ата-анасы үйдегі сәбиге зиян келтіретін барлық электр құрылғыларды алып тастамақшы болған. Алайда оны техникадан мүлде оқшаулау мүмкін болмапты. Үлкендердің көзін ала бере, балақай бірден электр сымдарын іздей бастайды екен.
- Бірде осындай әрекетке бармақшы болғанда, ұлымызды қатты тоқ соққан болатын. Бұл жағдай қайталанбас үшін біз оны үнемі бақылап отыруға мәжбүрміз. Cондықтан бізді баламыздың болашағы қатты алаңдатады, -дейді әкесі Люк Джарвис.
Дәрігерлер де Джозеф Хьюздің жағдайына байланысты көңіл қуантарлық жаңалықтар айта алмады: мамандардың айтуынша, Pica синдромын емдеп жазу мүмкін емес. Жеуге келмейтін заттарға деген құмарлықты медициналық препараттардың көмегімен ғана бәсеңдетуге болады. Бірақ бұл дәріні жасөспірім жастан бастап қана пайдалануға болады екен.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: fishki. net