Бір күн ішінде ең ұзаққа ұша алатын құс – сұр қарлығаш. Олар 24 сағат ішінде 570 шақырымды артта қалдыра алады. Ал жақында Швециядағы Лунд университеті зерттеушілері жаңа рекорд тіркеді. Бұл хабарын iScience ғылыми журналында жариялады.
Сұр қарлығаш – бір күнде басқа аймаққа ұшып жете алатын табиғаттағы ерекше құс. Биолог ғалымдар осыған дейін бір күнде 500 шақырым ұша алады деп келсе, қазір оның өзі аз екені анықталып отыр. Сұр қарлығаштар орта есеппен 570 шақырымды артта қалдыра алады екен.
Зерттеушілер құстардың гео орналасуына қарай жаңа рекорд та тіркеген. Сұр қарлығаштар күніне орта есеппен 830 шақырым ұшып отырған. Осылайша 9 күн қатарынан тоқтамай ұшқан.
Еуропаның солтүстігін мекендейтін қарапайым сұр қарлығаштар осы күнге дейін ең жылдам мекен ауыстыратын құстар қатарында. Олар бір бағытта күніне 830 шақырымға дейін ұша алады, - дейді зерттеу жетекшісі Сюзанна Окессон (Susanne Åkesson).
Сұр қарлығаштар қысқа қашықта жылдам ұшатын құс емес. Бір секундтағы жылдамдығы 10 метрді құрайды. Табиғатта бұдан да жылдам құстар бар. Бірақ сұр қарлығаштар қанаты талмай, тоқтамай алысқа ұша алатын бірден-бір құс саналады. Бұл құс жыл он екі айдың он айын ұшумен өткізеді.
Ұзақ жолға шығатын құстар алдын ала дайындалады. Кейбірі тоя тамақтанып, салмақ қосады. Ал сұр қарлығаштар артық көректенбейді, салмақ қоспайды.
Бұл құстар өзгелер секілді артық тамақтанбайды. Жолай кездескен шыбын-шіркейлермен қоректеніп кете береді. Нәтижесінде артық салмақ болмағандықтан, ұшу жылдамдығы да жоғары болады, - дейді Окессон.
Бұл құстың тағы бір ерекшелігі – желдің бағытын барлай ұшады. Ілеспе жел арқылы өзінің жылдамдығын 20%-ға дейін арттырады екен. Зерттеушілер олардың желді анықтау қабілетін әлі күнге дейін анықтай алмай келеді. "Сұр қарлығаштар атмосфералық қысымды бағдарлай алуы мүмкін" деп болжайды.