- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Суда жүзетін мектеп...
Суда жүзетін мектеп туралы білетін бе едіңіз?
Мектеп деген кезде көз алдымызға бірнеше қабаттан тұратын ғимарат, қоңырау үні, спорт зал, оқушыға толы асхана елестейтіні анық. Онда мықты мамандар қызмет жасайды. Бұл біздің еліміздегі мектептердің жалпы сипаттамасы. Ал өзге мемлекеттерде ше? Олар туралы мәлімет білгіңіз келсе, әлемнің ең ерекше 10 мектебімен таныс болыңыздар.
1. Америкадағы жер астында орналасқан Террасет мектебі
Ерекше талғаммен жасалған Террасет мектебі Вирджиния штатының Рестон қаласында орналасқан. 70 жылдары салынған ғимараттың білім ордасына айналғанына 40 жылға жуық уақыт болды. Естеріңізде болса, 70 жылдары Америкада үлкен дағдарыс болған еді.
Осы дағдарыстың нәтижесінде өзін өзі жылытатын, энергияны үнемдейтін мектеп салынған болатын. Жер астында орналасқан бұл мектеп, өзін жылытып қана қоймай, суыта да алады. Ал осы мектепте оқитын балаларды «Жер асты оқушылары» деп атауға болады. Бұл жерге туристердің көп келетініне қарамастан, сабақтар өз уақытымен өтеді.
2. Камбоджадағы суда жүзетін мектеп
Келесі экзотикалық мектеп нақ суда орналасқан. Бұл аймақтағы дүкен, үй, ғимарат атаулысының барлығы дерлік судың үстінде орналасқандықтан, жүзетін мектепке тұрғындар таң қалмайды.
Біз сізге Камбоджадағы Тонлесап өзенінің үстінде орналасқан Кампонг Луонг мектебі жайында айтайын деп отырмыз. Бұл мектепте 60 оқушы бар. Оның қырығы әке-шешесі балық аулау кезінде суға батып кеткендіктен, жетім қалған. Мектептің ішінде бір ғана сынып бар. Ол жерде оқушылар сабақ оқып, бос уақытын өткізеді. Ал мектепке кір жуатын кіршімен жүзіп барады. Туристер жетім балаларға киім-кешек, тәтті тағамдар апарып беретіндіктен, ата-аналарының жоқтығы аса байқалмайды.
3. Альтернативті Альфа мектебі
1972 жылы Канадада салынған көне мектептердің бірі. Балаларға сабақ беру тәсілінің өзге мектептерге ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Мамандарының идеясы өте сапалы. Мектепте сабақ кестесі жоқ, барлығын оқушылардың өздері белгілейді. Ал ұстаздары әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, қызығушылықтарына сәйкес көмек көрсетеді. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтіндіктен, күнделікке баға қойылмайды. Әр сынып балалардың жасына емес, олардың қызығушылығына сәйкес құралады.
Мектепке қатысты мәселелердің барлығын оқушылар, ата-аналар, ұстаздар ай сайын болатын жиналыста бірігіп отырып талқылайды. Оқу үрдісіне ата-аналары да қатысады. Альфа мектебінің ұраны – бірігіп білім алу.
4. Копенгагендегі Орестад ашық мектебі
Аталған мектепті заманауи өнер туындысы деп атауға болады. Әдеттегі мектептен тек ғимаратымен ғана емес, білім сапасымен де ерекшеленеді. Ғимараттың ішінде әр сыныпты бөліп тұратын қабырғалар жоқ.
Мектептің жүрегі әрі төрт қабатты біріктіруші – баспалдақтар ғана. Баспалдақтан өзге оқушылар демалып, үй тапсырмасын орындайтын дивандар жайғасқан. Мектеп оқушылары «Біздің арамызды бөліп тұратын керегелер жоқ, әрі шаңырағымыз биік» дейді. Бұл сөздердің астарында үлкен философиялық мән жатыр. Оқушылар электронды кітаптар мен интернет мәліметтерін еркін пайдаланады.
5. Ресейдің Кенэлэкэн мектебі
Бұл мектепте оқитын оқушылардың әбден жолы болды. Ғимаратары жаңа, әрі білімді ата-аналарымен бірге жүріп алады. Бұл өлкедегі оқушылар ата-аналарын бірнеше ай бойы көрмей интернетта жатып оқитын немесе ата-аналарының жанында болу үшін сабаққа бармайтын. Енді жағдай өзгерді. Бұл мектепті әлемдегі ең кішкентай білім ордаларының қатарына қосуға болады. Оқушылары да, ұстаздары да аз. Яғни, мектепте небары 6-8 оқушы, 2 мұғалім бар. Аз адам болғанына қарамастан, ел қатарлы білім алуда. Интернеттің арқасында мектеп оқушылары сабақ үстінде өзгелерімен білім алмаса алады. Әдеттегі оқулықтар электронды түрлерімен алмастырылуда.
6. Таңғажайыпқа толы Watershed мектебі
Бұл мектепте оқуды барлығы да армандайды. Әзірге Америка оқушыларының ғана қалауы жүзеге асуда. География пәнін меңгеру үшін аймақтарға барады, биология пәнін оқып жатқан кезде жан-жануарлармен, өсімдіктермен жұмыс істейді. Сәулет өнерін қаланың ең көрікті жерлерінде жүріп оқиды. Мектеп педагогтарының айтуынша, экспедициялардың көмегімен оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға болады. Мұнымен қатар, спортпен, йогамен айналысып, рок группаларда ән салады. Осылайша мектеп қабырғасында естелікке толы күндер өткізеді. «Сіз нағыз білімді тек кітаптан емес, қырда жүріп те аласыз. Жануарлар мен ағаштарда ашылмаған сыр жатыр» деп неміс жазушысы Эрнст Хайне бекер айтпаған секілді.
7. Қытайдағы үңгір мектеп
Бұл мектеп туралы осыған дейін жазған болатынбыз. Гуйчжоу провинциясының тұрғындары өте қарапайым. Осы қарапайымдылықтарының арқасында ұзақ уақыт бойы білім ала алмай жүрген еді. Ең алғашқы мектептері 1984 жылы ашылған болатын. Заманауи мектеп ашуға қаражаттары болмағандықтан, оны үңгірден жасаған. Мұнда сынып, спорт алаңы және демалыс бағы бар.
Ашылар кезде бір ғана сынып болады деп жоспарланған мектепте 186 бала оқиды. Әр бала мектепке 6 сағат бойы жол жүріп келеді. Осы сәтте армяндардың «Көп өмір сүрген білмейді, көп жүрген біледі» деген мақалдары еріксіз еске түседі.
Соңында айтарымыз мектеп қандай үлгіде салынса да, бірінші орында оның оқушыларға бере алатын тәрбиесі тұрады. «Мектеп – жас ұрпақтың арманы мен мақсаттары өмір сүретін шеберхана, егер болашақта ел болам десең, осы шеберхананы мықтап ұста» (Анри Барбюс).
Ал сізге қай мектеп ұнады?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай