Сіріңкеден жасалған ерекше мүсіндер

Сіріңкеден жасалған ерекше мүсіндер
Фото: fotorelax.ru

Әлемде талай мықтылар, талай қолөнер шеберлері баршылық. Қиыннан қиыстырып туынды жасау кез келген адамның қолынан келе беретін іс емес. Мұндай істі қолы епті, тез ойлай алатын, қиялы ұшқыр шығармашылық иелері ғана жасай алады. Өйткені, туынды жасап шығару зор жауапкершілікпен қатар тынымсыз еңбекті, табандылықты, шыдамдылықты талап етеді. Қолөнер де шығармашылық жұмыс. Қажырлы еңбек пен қарымды қабілеттің арқасында ғана жоғары, күтпеген нәтижелерге қол жеткізуге болады. Біз сіздерге әңгімелегелі отырған польшалық шебер жоғарыда айтып өткеніміздей зор еңбектің иесі.  

40 жыл бойы польшалық шебер Януш Урбанский тек сіріңке мен желімді пайдалану арқылы әр түрлі заттардың, құрылыс нысандарының, танымал орындардың көшірмесін жасаған. 

Януш Урбанскийде ешқашан қолданылмайтын шахмат тақтасы мен гитара, ешқашан жүзуге келмейтін қайық бар. Оның басты себебі, бұл заттар он мыңдаған сіріңкелерден ғана жасалған. 

«Бұл жұмыс менің күнделікті өмірімнің 10-12 сағатын алады. Оның қызықтығы соншалық, нәтижесін көргенше бұл істі жартылай тастап кету мүмкін емес». 

Шебер жұмыс үстінде. 4 мамыр, 2016 жыл. 

Шебердің санауы бойынша 40 жыл бойына осынау мүсіндерді жасау үшін 11 миллион сіріңке кеткен екен. 

Мүсіндер оның пәтерінің барлық жерінен орын тепкен, олар әр түрлі көлемде, әр қилы боп келеді. Оның ең көлемді мүсіндерінің бірі, марқұм анасының құрметіне қойылған, ұзындығы 2,4 метрді құрайтын «Стефания» қайығы. 

Шеберде бірнеше ай бойына жасалған, 150 000 сіріңкеден тұратын Ұлы Қытай қорғанының көшірмесі бар. 

Сіріңкеден жасалған таңғажайып мүсін: көмір шахтасы. 

Туған қаласы Януш Ру́да-Слёнсктегі шіркеудің сіріңкеден жасалған көшірмесі. Ұқсай ма? 


Мүсіндер қоржынында Эйфель мұнарасының, Алтын қақпалы көпірдің, футбол алаңының, жүк машинасының және т.б. көшірмелері бар. 


Сіріңкеден жасалған футбол алаңы. 


Шебер өз туындаларын сыйлыққа бергенді ұнатады, кей кезде ғана ақшаға сатады. Оның көп туындылары жергілікті мұражайда сақталған. 


Бөлшектер 


Януш Урбанский және оның сіріңке шахтасы 


Сіріңкеден жасалған таңғажайып мүсін: «Алтын қақпа» көпірі 

Ж. Жұмағұлов