Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) адамзаттың қоршаған ортаға тигізіп жатқан әсерін саралайтын материал ұсынды. Ұйым жасаған статистика соңғы 50 жылда жануарлар популяциясы екі есе азайғанын көрсетеді. Бұл жануарлардың 60 %-ы қырылып қалғанының дәлелі. Ең алдымен, бұған адамзат тұрмысының әсері мол, себебі өмір сүру салты өзгерген сайын жануарлардың орман, өзен, көл сынды табиғи ортасы жойылып жатыр. Латын Америкасы мен Оңтүстік Африкада жағдай өте нашар, онда жануарлар саны 89%-ға азайған, ал кейбір жолбарыс түрлерін қазір мүлдем кездестірмейсіз. Баяндамада теңіз түбіндегі балықтардың 90%-ы суға лақтырылған пластиктен зардап шегеді (1960 жылы бұл көрсеткіш 6% болған) екен. Лондонның Зоологиялық қоғамы ғылыми бөлімінің меңгерушісі Кен Норрис: Статистика өте қорқынышты нәтиже көрсетіп отырғаны рас, десе де әлі үміт бар. Адамдар мен жануарлардың өмір сүруіне арналған жаңа модель жасау керек, - дейді.