Дат суретшісі әрі дизайнері Питер Каллесен жәй ақ қағаздан өнер туындысын жасап шығарады. Шебер paper art техникасына арқа сүйейді. Ол қағаздан не қатырма қағаздан әртүрлі пішіндер мен кейіпкерлердің бейнесін жасайды.
“Заттандыру процесі кезінде үш өлшемді жалпақ қағаз сиқырлы күйге түседі деп ойлаймын. Бұл расында да сиқырлы күш болуы мүмкін, себебі, жұмыстың жасалу жолы түсінікті болғанымен, пішіндер негізі болмысынан қашып құтыла алмайды”, - дейді суретші.
Питер Каллесен көбіне А4 форматындағы ақ қағаздармен жұмыс жасайды. Ол әр пішінді жәй сол қалпында жасап шықпайды, әрқайсысы өзіндік ой арқалаған, үлкен ізденістен туған дүниелер. Қағаз қиял мен ой байланысының нәтижесінен өнер туындысына айналып шыға келеді. Жұқа қағаз суретшіге мүсінін әлсіз һәм қорғансыз күйде көрсетуге мәжбүрлейді.
Суретшіге неге тек ақ түсті ғана қолданасыз деген сұрақтың қойылуы заңды шығар. Бұны Питер Каллесен: “Әрине, мен түрлі-түсті суреттермен жұмыс жасай аламын, бірақ ақ түсті артығырақ көремін. Себебі, ақ түс – тазалықтың, пәктіктің, діни қасиеттіліктің белгісі”, - деп түсіндіреді. Питер қазірдің өзінде өзінің жеке көрмесін өткізіп үлгерді. Тек туған қаласы Копенгагенде емес, Лондон, Берлин, Гамбург, Сеул қалаларында жұмыстары көрсетілімге қойылды. Оның жұмыстары АҚШ мен Швецияның мұражайларында сақтаулы тұр.
Питер Каллесеннің жұмыстары:
Ағаштың тамыры
Періште
Ұлу
Өрт
Қорғанды қала
Ақ қол
Вавилон мұнарасы. 18,2 метр биіктік
Ковбой
Бума
Қағаз адам
Қызыл көкнәр гүлі
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: byaki.net