- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Сиқырланған құдық...
Сиқырланған құдық
Бразилияның Баия штатының жүрегінде Шапада-Диамантина атты ұлттық саябақ орналасқан. Шіркін-ай! Ол өңірдің сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін бе кен!? Саябақтың санаға сыймастай сұлулығын, не болмаса, ақылмен өлшенбейтіндей ғажайыбын көзбен көру арқылы ғана ләззат ала аласыз. Ол күн де алыс емес шығар... Ал қазірше, біз ұсынған мәліметтермен таныс бола жүріңіз...
Аспанмен таласқан асқар-асқар таулар, сұлудың кірпігіндей тізілген шыршалар, ерке қыздың күлкісіндей сыңғырлап ағып жатқан бұлақтар мен өзендер, бикітен құлап жатқан сарқырамалар және өңірдің өзінше бай өсімдіктер мен жануарлар әлемі көптеген туристердің қайта-қайта іздеп келетін саябағының сәнін келтіріп тұр.
Шапада-Диамантина саябағының төлқұжаты - "Сиқырланған құдық". Тіпті, екеуінің есімі қатар аталады. Өйткені, бұл өлкені Жер шарына танымал еткен - осы таңғажайып құдық болатын
Бақтағы қарапайым табиғи үңгірлердің бірінен 80 метр тереңдікке түсер болсаңыз, көз алдыңызда мөлдір сулы аса үлкен емес құдық шыға келеді. Бір қарағанда, кәдімгі құдықтан ешқандай айырмашылығы жоқ сияқты...
Жо-жоқ! Олай емес! Құдықтың ерекшелігі бар! "Сиқырлы құдықтың" сиқырын сәуір-қыркүйек айларында сағат 10:30 бен 12:30-дың аралығында ғана көруге болады. Бұл уақытта күн сәулесі құдықтың ішіне "кіріп", су бетіне түседі. Сол сәтте Сиқырлы құдық күн сәулесін "сындырып", үңгір қабырғаларына жылтылдақ зеңгір дақтарды серпіп, айналасын нәзік жақұт сәулеге шомылдырады.
Судың мөлдірлігі мен сәуленің өткірлігі соншалықты 40 метр тереңдікте жатқан жүздеген жылдар бұрын шөгілген ағаш қалдықтарын анық көруге болады.
Бұл көріністі тамашалауға ниет білдіріп отырған қауымның санында шек жоқ. Сондықтан, аймақтың сұлулығын сақтап қалу мақсатында ұлттық саябақтың қызметкерлері көптеген тосқауыл шараларын ұйымдастырып отыр. Сиқырлы құдықтың ішіне арнайы топпен қана кіруге болады. Әрине, шомылуға да тиым салынған.
Суреттер:prirodadi.ru,lifeglobe.net,travelel.ru,fotopremiya.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева