Шығыстың тәтті тағамдары

Шығыстың тәтті тағамдары

Қиыр Шығыс пен Азия елдерінде демалған жан, міндетті түрде, өзімен бірге базарлық ретінде шығыстың балдай тәтті тағамдарын ала келеді. Дәмді алуа мен козинактар, алуан түрлі рахат-лукум мен шәрбаттар көздің жауын алатыны жасырын емес. Тек оны таңдаған кезде аса мұқият болу керек. Себебі, шығыс тәттілерінің зияны болуы ғажап емес.

Козинактар

Бұл тәтті тағамның шыққан жері - Кавказ елі. Грузия мен Армения елдерінде козинактар молшылық пен ырыс-береке нышанына айналған. Міндетті түрде, бұл тағамды мерекелік дастарханға қояды. Уақыт өте келе, бұл тағам Шығыс елдеріне жол тартқан. Козинак жаңғақтар мен кунжут я шемішке дәнектерінен жасалады. Арабтар козинактарды түйе жаңғақтардан жасайды. Себебі, түйе жаңғақтар ойлау қабілетінің жұмысына пайдасын тигізеді. Жаңғақтар мен дәнектерді балмен араластырады. Қыздырған кезде бал біраз дәрумендерін жоғалтып алса да, ол өте пайдалы тағам. Бал ағзадағы зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетті көтереді.

Алайда, козинактар тіс ауруларының тууына ықпал етеді. Қатты тағам салдарынан тіс эмалі әлсірейді. Көп мөлшердегі қант та денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

Нағыз козинактар таза балдан жасалынады. Кейбір жағдайда өндірушілер бал орнына сұйытылған я ерітілген қантты пайдаланады. Козинак таңдаған кезде оның сыртқы келбетіне назар аударыңыз. Қаралау болса, козинак күйіп кеткен және дәмі ащы болып келеді.

Рахат-лукум
Аңыздарға сүйенер болсақ, рахат-лукум Түркия сұлтандарының бірінің арқасында пайда болған. Ол аспазшыларына жаңа өнім ойлап табуды бұйырады. Патшасының көңілін аулау мақсатында сарай аспазшысы тәтті тағамды ойлап табады. Бұл тағам сарай басшылығы мен қонақтарына қатты ұнап кеткен.

Рахат-лукум- крахмал, миндаль жаңғағы мен қант қосындысы. Миндаль жаңғағы қан азаюы кезінде көмекке келеді. Сондай-ақ, теріні жақсартап, көздің көру қабілетіне оң әсерін тигізеді. Ал қант пен крахмал салмақтың артуына ықпал етеді. Әдетте, рахат-лукумды қаймақ пен жеміс-жидек сусындарына қосады.

Лукумның әр бөлшегі бір пішінді болу керек. Егер де бөлшектердің қиыр жағы ішке қарай тартылған болса, бұл өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе тағам дұрыс сақталмаған. Рахат-лукумды таңдаған кезде саусағыңызбен басып көріңіз. Нағыз рахат-лукум пішінін жоғалтпай, бастапқы қалпына келеді. Қорабқа я пакетке жабыспайды. Сондай-ақ, ол әркез жалтырап тұруы керек.

Алуа
Алуаның шыққан жері – Парсы елдері. Б.з.д. V ғасырда парсы аспазшылары тәтті тағамды дайындау жолын тапқан соң, ол алыс-жақын елдерге тарала бастады. Еуропаға алуа Крест жорықтары кезінде  келген.

Тәтті тағамды дайындау үшін дәнектер мен жаңғақтар керек. Оларды үгіттеп, қант, бал және крахмалмен араластырады. Кей кезде алуаға май, мейіз, ванилин, ұн қосады. Микроэлементтерге толы дәнектер мен жаңғақтардан жасалған алуа иммунитеттің артуына, көздің көру қабілетінің жақсаруына оң ықпал етеді.

Қант пен майдың көп болғандықтан, алуа калорияға толы тағам. 100 граммның өзінде 500-600 ккал болады. Арықтауды мақсат еткендер мен аллергиялық дертке көп шалдығатын жандардың алуаны татып алмағаны жөн.
Нағыз алуа түсі ақшыл келеді. Кішкене үгітіліп тұрады. Егер де алуа үстінде ылғалдылық болса, онда оның мерзімінің жарамдылығы өтіп кеткен немесе қантты көп мөлшерде қосқан.

Тәтті тағамдарды Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі сияқты бірқатар мұсылман елдерінен алуға болады.

Суреттер: abouturkeytravel.com, phototimes.ru, meliofoods.com, thewomenlife.com

Ғ. Ұзақ