- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Шығыстың жауһары -...
Шығыстың жауһары - Самарқанд
Тұла бойы тарих пен тағылым тұнған Самарқанд қаласы Памир-Алтай тауларының баурайындағы Өзбекстанның оңтүстік-шығысындағы Зарафшан өзенінің алқабында орналасқан.
Самарқанд – көркіне көз тоймастай сұлу қала. Әлемге атағы шыққан небір философтар мен ақындар: «Әлемнің Айнасы», «Көңілдің бағы», «Шығыстың жауһары», «Жер Дидары» секілді түрлі теңеулер арнағанымен, қаланың әдемілігін жеткізуге ешбір сөздің құдіреті жетпейді. Барлық жақұты мен әсемдігін көзбен көріп қана ләззат ала аласыз.
Сан мыңдаған ғасырлар бойы қаланың көрмегені жоқ шығар, сірә? Ұлы Жібек жолында қанат жайған қала небір жойқын шапқыншылықты көріп, қаншама соғыстың ащы дәмін татты, отқа да оранды, оққа да ұшты, құлады да, қайта тұрды... Бірақ қала өз құндылығын жоғалтқан емес, одан сайын көркейе берді, көркейе берді. Көптеген жылдар бойы дәл осы шаһар арқылы сауда-керуендері батыста Парсы жеріне, шығыста Қытайға, оңтүстікте Үндістан даласына ағылып жатты.
Самарқандты өздері құрған мемлекеттің астанасы еткен Александр Македонский, Шыңғыс хан, Әмір Темірлер қала тарихына есімдерін мәңгі өшпестей етіп қашап жазып кетсе, Темірдің немересі Ұлықбектің кезінде қала Шығыстың ғылым мен мәдениет орталығына айналды.
Ұлықбек соққан атақты обсерватория да Самарқанд маңында болған. Дөңгелек пішіндес үш қабаты ғимаратта Ұлықбек өз шәкірттерімен астрономиялық зерттеулер жүргізген деседі.
Бүгінде Самарқанд – көненің көзі саналатын өте ерекше құндылықтары құнттай сақталып тұрған қасиетті мекен. Осы ерекшелігінің арқасында ЮНЕСКО қаланы бүкіл адамзаттың мұрасы саналтын тарихи құндылықтар тізіміне енгізді. Ежелгі сәулетшілік өнердің ескерткіштері, ғылыми және көркемөнер мектептерінің мұралары, ұлттық қолөнер орталықтары жыл өткен сайын әлемді аузына қаратуда.
Орталық Азияның өзге қалалары секілді Самарқандта екі бөлімге бөлінген: жаңа қала және көне қала. Жаңа бөлімі қаланың білім беру және мәдениет орталығы деп танылса, көне бөлімі тарихи ескерткіштер мен дүкендерге, сауда лашықтарына және көне ғимараттарға толы. Туристерге арналған саяхаттар көбіне көне қалада өткізіледі. Жүзден аса ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астында жинаған шаһарда жалпы саны 500 мың адам тұрады. Тұрғындарының саны мен көлемі жөнінен Өзбекстандағы екінші үлкен қала саналады.
Қаладағы ең көрікті орындардың бірі Регистан қалашығында Ұлықбек, Шері-Дар, Тіллә Қари медреселері орналасқан. Медресенің үшеуі де әр түрлі мезгілде тұрғызылып, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасы ретінде жеткізілген. Самарқанд бұдан өзге де көптеген кесенелер мен мазарларымен танымал.
«Шығыстың Жауһарының» әрбір тасы, әрбір қабырғасы тарихтың тірі беттері секілді. Оның есімін Рудаки, Навои, Захири, Самарқанди, Омар Хайям, Ибн-Сина, әл-Бируни сынды ортағасырлардағы ділмарлар мен ақындардың есімдерімен байланыстыруға болады.