Шумерлер жайлы тарихтан оқып білдік. Ал олардың өркениеті адамзат тарихында айрықша орын алады. Себебі бұл мәдениет - ілгерілеу мен дамудың қайнар бұлағы деп есептеледі.
XIX ғасырдың соңғы ширегінде Тигр және Ефрат (Қос өзен) өзендерінің бойында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі ескі қалалардың орны ашылып, әлемге "Шумер өркениеті" деген жаңа мәдениет белгілі болды.
Жер бетінде алғаш өркениетті қауым, іргелі мемлекет құрған шумерлердің мәдениеті тарихта ерекше орын алады. Күн жүйесіндегі барлық планеталарды, жұлдыздарды, олардың орналасу ретін, Жердің домалақ шар сияқты екенін де зерттеп білген. б.э. 3100 жыл бұрын әлемде тұңғыш жазуды ойлап тапқан. азу пайда болысымен шумерлер елінде өнер, білім, заң, әдебиет пен медицина күрт дамиды. Математика мен астрономияның, астрологияның негізі қаланады. Ал енді шумерлік пирамидалар болса мысырлықтардікіне қарағанда 400 жылға көне тартады. Тіпті "Тарих Шумерде бастау алады" деген сөз де бар.
Шумерлер жайлы аңыз да көп, ақиқат та бар. Бірақ нақты тарихи деректер аса көп емес. Шумерлердің кім екені, Қосөзен аралығына қайдан келіп қоныстанғаны белгісіз болса да, қалдырған жазба деректерінде олардың қандай өмір салтын ұстанғаны, наным-сенімдері, билік жүйесі жайлы мәліметтер жеткілікті. Ал олардың өркениеті қалай жойылғаны жайлы әлі күнге дейін әртүрлі деректер кездеседі.
Шумер өркениеті 4200 жыл бұрын өмір сүруін тоқтатқан. Тарихта шумерлердегі алғашқы мемлекет болып Аккад империясы құрылған. Ұлы Саргон құрған бұл империяның құлдырауына да шабуылдар себеп болған. Олардың деректерінде Тигр мен Евфрат өңірі басқыншы соқтығыстар жиі орын алған жер ретінде көрсетіледі. Осыдан да болар, өз кезегінде Аккад патшалығының да ыдырауына кутийлер тайпасының шапқыншылығы әсерін тигізеді. Кейін тәуелсіздікке қол жеткізсе де қала-мемлекеттер міндетті түрде жаулап алушыларға салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Яғни шумерлер өркениетінің жойылуына бірден-бір себеп - көшпелі елдердің басқыншылық соғыстары. Одан кейінгі тағы бір себеп ретінде әр қаланың жеке дара болып, бір орталықтандырылған жүйеге бағынбауы айтылады.
Жуырда британдық ғалымдар шумерлер өркениетінің жойылуына тағы бір себепті қосты. Ол - климаттың өзгеруі. Оксфорд университеті зерттеу еңбектерінде шумерлер өркениетін, тіпті Үнді және Мысыр өркениетін де табиғаттың "тосынсыйы" жоқ қылғаны жайлы деректер айтылған. Олар мұндай қорытындыны Иранның солтүстігіндегі Голь-и-Зард үңгірін зерттеудегі жұмыстарына сүйеніп жариялаған. Аймақтардан табылған тассүңгілерді (сталактит) зерттегенде, олардың химиялық құрамы арқылы жаңбыр аз болғанын, дауыл көп тұрғанын білген. Яғни қуаңшылық пен шаңды дауыл шумерліктерді судан айырған.
Қазіргі таңда британдық ғалымдар шумерліктердің қайдан келгені мен олардың тілін де зерттеуге білек сыбана кіріспек.
Айта кетейік, өткен жылы Халықаралық зерттеушілер тобы Ежелгі Мысыр өркениетінің жойылуына жанартаудың атқылауы себеп болғаны жайлы сараптама жасағаны жайлы жазған болатынбыз. "Nature Communications" журналында жарияланған ол мақалада біздің дәуірімізге дейінгі 44 жылы Мысырды Клеопатра басқарған тұста жер қыртысының әрбір аймақтарында жанартаулар жойқын атқылаған. Ыстық газ бен күл муссондық циклді бұзып, Ніл өзенінің суын азайтқан. Ал егіншілікпен айналысатын халық үшін табиғаттың бұл "тосынсыйы" шаруашылықты біржола тоқтатқан.