Шөлдеген тас денелі динозавр

Шөлдеген тас денелі динозавр

Исландияның солтүстік жағалауындағы Хунафлоуи бұғазында ерекше пішінде жартас бар. Оның атауы – Хвитсеркур (Hvitserkur).


Жартас бір қарағанда Греланд теңізінен су ішіп тұрған алып динозаврды еске салады. Ғалымдардың айтуынша, 15 метрлік Хвитсеркур – ежелгі жанартаулардың қалдығы. Уақыт, жел және су оны осындай ғажайып пішінге келтіріп қойды.

Өзіңіз де көз жүгіртіп қойыңызшы, ертегіден шыққан дәу Исландия жағалауына мәңгілікке аялдап қалғандай болып тұрған жоқ па?

Жартасқа  Хвитсеркур атауын жергілікті тұрғындар тақты. Қазақ тіліне аударғанда "ақ жейде" деген мағынаны білдіреді. Неге дейсіз бе? Себебі, күн шыққанда жартасқа жүздеген аппақ құстар келіп қонады екен. Сондайда динозаврымыз ақ жейдеге ұқсап кетеді.

Мұндай көріністі күн батқанда және күн шыққанда тамашалайтын болсаңыз, тіптен керемет!

Аталған жартас Исландияда орналасқандықтан, солтүстік шұғыласын да көру мүмкіндігіне ие боласыз.

Хвитсеркур жартасы Исландияның негізгі нышанына айналған. 1990 жылы оның құрметіне арнайы пошта маркасы шығарылған екен.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com