Иохан экспедицияшы еді. Ол әлемнің сырлы, көркем, таңғажайып жерлерін дерлік аралап шыққан. Күндердің күнінде ол адам аяғы мүлде баспаған құмды шөлді кесіп өтуді жоспарлады. Ол шөл далада керек болады-ау дегеннің бәрін алып, жолға шықты. Сапарын сәтті бастап, талай дүниелерді көрді, камерасына түсірді, қолжазбасына жазды. Бірақ, бір күні ол жолдан адасты. Ол жүре-жүре азық-түлігінің де, ішетін суының да таусылуға жақындағанын сезді. Бірер күннен кейін бұл дүниелері де бітті. Оны аштық азабы қинаған жоқ, тек шөл, шөл қысып бара жатты. Оның рухы түсе бастады. Денесі бірде ысып, бірде суып, көздері қарауыта бастады. Кеберсіген еріндерін әлсін-әлсін жалап, құм жоталарының қыратынан құлап, домалап кететін кездері де болатын. Оның үміті үзілуге шақ қалды. Алдыңғы жақтағы құм дөңге жетудің өзі мұң болды. Ол жота басына зорға шықты. Өз көзіне өзі сенбеді, тура маңдай тұста құмдықтағы жасыл аралды көрді. Бұлақ суы сылдырап, жапырағының сыбдыры құлақ түпке жетті. Ол мұны алыстағы осындай бір мекеннің елесі шығар деп ойлады. Көзін жұмып сәл жатты да, қайта қарап еді. Енді тіпті анық көрінді. Шынымен де жасыл арал. Ол сүріне-қабына тұра жүгірді. Келіп суға бас қойды. Шөлін қандырған соң, арт жағындағы бір сыбдырдың естілгенін сезді. Ол оқыс бұрылып қарап еді, анадайда төбелесіп жүрген екі адамды көрді. Иохан осыдан бірнеше жыл бұрын құруға бет алған тілдер жайлы зерттеу жасағаны бар еді. Мына екі адамның бірін-бірі боқтағаны сол кезде зерттеген тілдердің біріне тым жақын екен. Олар тез сөйлегендіктен, кейде түсінбей де қалып жатты. Екі кісі көп төбелесіп, ақыры шаршап отыра кетісті. Иохан олардың қасына барып:
- Сендер не үшін бұлай төбелесіп жүрсіңдер? – деп сұрады.
Ентігіп отырған бірі:
- Азық-түлік үшін! Анау менімен азыққа таласып жатыр! – деді.
Иохан оларға ақыл айта бастады:
- Екі жолбарыс таласса, бірі сөзсіз жараланады. Сендер бұлайша төбелесе берсеңдер, күштерің бекерден-бекер таусылады. Меніңше, екеуің бірігіп азық тауып жесеңдер, бұл әлдеқайда өнімді шара болған болар еді, – деді.
Екі жабайы адам Иоханның сөзін тыңдап, ары таман барып бірдеңелерді айтып күбірлесті. Олар қайта келіп:
- Сен өте дұрыс айтасың, шынымызды айтсақ, бұл жасыл аралда біз екеуміз ғана емес едік, басқа адамдар да болған. Бірақ, олар бір-бірімен селбеспегендіктен осындағы адамдардың бәрі азайып кетті. Ақыр соңында екеуміз ғана қалдық. Бұдан кейін біз міндетті түрде сенің ақылыңды алатын боламыз. Табылған азықты бөліп жеп өмір сүреміз, – деді.
Иохан олардың бұл сөзін естіп, қатты қуанды. Дәл осы кезде оның өз қарнының да қатты ашқаны білінді. Ол екі жабайы адамнан:
- Қарным қатты ашты. Азықтарыңнан маған да берсеңдер бола ма? – деп сұрады.
Екі жабайы адам қатты таң қалды, оған көздері бақырая қарап:
- Не, сен сонда өзіңді өзің жемексің бе? – деді екеуі бірдей.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: vovo2000.com