Көпшіліктің сүйікті тәттісі - шоколадқа арналған ең орасан мерекелердің бірі - «Eurochocolate» (ағылшын тілінен аударғанда «Еурошоколад») деп аталады.
Мереке жыл сайын Италияның Перуджа қаласында қазан-қараша айларында өткізіліп тұрады. Осы думанның арқасында Перуджа «Тәтті астанасы» деген мәртебеге ие болды. Көңілді мереке бір аптадан астам уақытқа созылады екен.
Шоколад мерекесінің танымалдылығы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биылғы жылы мұнда миллиондаған туристер, екі жүзден астам шетел және итальяндық шоколад өндірушілері, сарапшылар мен жәй ғана шоколадты сүйетін мыңдаған халық жиналды.
Мерекені өткізу үшін Перуджа қаласы бекер таңдалмаған, себебі, дәл осы қала атақты итальяндық шоколад өндіруші «Perugina» компаниясының отаны саналады. Шоколад ішіне тәтті тілектер жазылатын халықаралық дәрежесі аса жоғары «Baci» (қазақшаға аударғанда «сүйіс») кәмпиттерінің шыққан жері де – Перуджа қаласы.
«Тәтті» мерекенің авторы - «Perugina» компаниясының директоры Эудженио Гуардуччи. Ол өзінің ұлы идеясын алғаш рет 1993 жылы жүзеге асырады. Сол сәттен бері шоколад мерекесі үзілеместен атап өтіліп келеді.
Мереке күндерінде күллі қала кондитер дүкеніне айналып шыға келеді. Барлық көшелерде шоколад иісі мүңкіп, арнайы сауда лашықтары қойылады. Фестиваль бағдарламасы ойын-сауық, мәдени, аспаздық шараларға негізделген. Қаланың орталық алаңдарында көптеген клоундар жүріп, түрлі-түсті шарлар ілінеді, отшашулар ұйымдастырылып, шоколад сайыстары жүргізіледі.
Фестиваль кезінде бұрын-соңды ешбір жерден көрмеген шоколад өнімдерінің куәгері болып, дәмін татып көру мүмкіндігіне ие боласыз. Сондай-ақ, шоколадтан жасалған естелік заттарын: сағаттар, шырақтар, аяқ-киімдер, аксессуарлар, картиналар, мүсіндер, тіпті ұялы телефондар сатып алып, жеуіңізге болады. Фестивальдің салтанатты сәті – Перуджаның орталық алаңына шоколадтан жасалған мүсін орнату. Мереке ұраны – «Шоколад ешқашан көптік етпейді!».
«Еурошоколад» фестивалі барысында тек көңіл көтеріп, қыдырып, тәтті жеп қана қоймай, шоколад өндіру шеберлігі туралы аспаздық дәрістерді тыңдауға да мүмкіндік бар. Дәріс арқылы шоколад өндірудің ашылмаған құпияларына қанық болып, тәжірибе алмасасыз. Сонымен қатар, қала қонақтарына арнап ұйымдастырылған шоколад көрмесіне бас сұғып көрсеңіз, тіптен керемет!
Суреттер:otolife-me.livejournal.com, listphobia.com,merkur-online.de,kovinov.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева