- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Шегесіз салынған көпір...
Шегесіз салынған көпір
Қытайдың Хунань, Хубэй, Гуйчжоу, Гуанси провинциялары күріш өсірумен және балташылық жұмыстарымен атақты. Тап осы жерде Жел мен Жаңбыр көпірінің құрылысшылары Дун халқы тұрады.
Көпірдің бұлай аталу себебі оны халық ауа-райы қолайсыздығынан қорғану үшін салдыртқан. Бұл мекен сыр шертуді, таза ауада бой жазғанды ұнататын адамдар үшін таптырмас жер. Көпірдің архитектуралық сызбасы ерекше болғандықтан, оның «гүлді көпір» деген екінші атауы бар. Ағаштан жасалған құрылыс нысаны жеке павильон мен мұнаралардан тұрады.
Жел мен Жаңбыр көпірінің екі жағында арнайы орындықтар орналастырылған. Оның ернеуі жоғары жаққа қисайтылып, ою-өрнектері феникс, айдаһар пішіндес келген. Ал қазынаға толы асқабақтар мен ұзақ жасаудың символы тырналар көпірдің ең биік нүстесін көмкеріп тұр.
Жел мен Жаңбыр көпірінің ең үлкен өзгешелігі - ол ешбір шегесіз салынған. Дун халқының құрылыс шеберлері шегенің орнына арнайы байланыстырғыш діңгектерді пайдаланады. Олардың ішіндегі ең танымалы - Гуанси провинциясындағы Чэнъян көпірі. Ол ХХ ғасырдың басында Линкси өзенінің бойында соғылған. Жел мен Жаңбыр көпірінің биіктігі - 10 метр. Көпір 2 платформадан, 3 пирстен, 5 павильоннан және 20 дәлізден тұрады. Ағаш пен тастан жасалған құрылыстың ұзындығы 64 метр.
Н. Нұрмаханұлы