Шағын кітап жинаушы Джозеф Тари Венгрияда өмір сүреді. 40 жыл ішінде ол өлеңдер мен әндерден, інжілдегі әңгімелерден, фантастикалық туындылардан, ертегілер мен романдардан, тағам рецептілері мен спорттық энциклопедиядан тұратын 4500-ден аса шағын кітаптар коллекциясын жинаған. Бір қызығы, ол жинаған кітаптарының барлығын оқымайды. Оның коллекциясында 100 жыл бұрын жарық көрген кітаптар бар.
Джозеф кітаптарды жинағанда кітаптың тіліне, жанрына емес, оның көлеміне аса мән береді. Кітаптың ұзындығы 6-7 сантиметрден аспауы керек екен. Коллекционер шағын кітаптарды 1972 жылдан бастап жинайды. Джозеф Таридың мамандығы типограф болғандықтан, ол дәл осы хоббиді таңдаған. Қазіргі таңда зейнеткер.
Оның коллекциясындағы ең кішкентай кітаптың көлемі 2,9 х 3,2 миллиметрді құрайды. Бірақ, пинцетсіз де қолға ұстауға келетін үлкенірек кітаптар бар ( 13х18 мм). Сондай-ақ 7 сантиметрлік «үлкен кітаптар» да бар. Басты мақсат – кітаптың 76 миллиметрден аспауы, басқа шектеулер жоқ.
Ол әр түрлі тілдегі кітаптарды жинайды. Сондықтан оның коллекциясы өте қызықты. Себебі, оның кітаптарының арасында Шекспирдің «Сонеттері», Т.Г.Шевченконың, Н.В.Гогольдің, М.Ю.Лермонтовтың жинақтары, тіпті, жапон тіліндегі футболды үйрету кітабы да табылады.
Сонымен бірге көлемі 19 х 26 мм болатын шағын газеттер де бар. Джозефтің жеке сайтында жинаған кітаптарының суреттері мен тізімі бар. Ол өз кітаптарын коллекциясында жоқ кітаптарға ауыстыруға дайын екенін айтады.