- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Сазан аулаудың қыр-сыры...
Сазан аулаудың қыр-сыры
Өзен-көлдің мұзы еріп, су беті жандана бастаған уақытта қармақ салғанды жаны сүйетіндер өз кәсібіне кірісіп кетеді. Күннің көзі қыза бастағаннан табан, сазан, алабұға, көкжан секілді балықтарға қармақ салу оң нәтиже береді. Ал, сазан балығының науқаны сәуірде басталады десек те болады.
Сазан ірі балықтардың санатына жатады. Тіпті 30 келіге жуық сазанды жолы болғыш балықшы ауына не қармағына олжаға түсіре алады. Сәуір айы басталып, су жылынған кезде өзендердің қамысты, батпақты иірімдеріне, жағалаудан аса алыс емес жерлерге қармақ салсаңыз, еңбегіңіз еш кетпейді. Қыстан ашығып шыққан сазан балықтар осындай суы таяз жағлауларда үйір-үйірімен жем іздеп жүреді. Бұл мезгілде сазан балықтары жауын құртына, шаян аяқтарына, ұлуға жақсы қабады. Тіпті көктемгі су тасқынында, өзен-көлдер арнасынан тасыған кезде де сазан аулау тиімді.
Сазандар көктемнің қызулы күндерінде су бетіне жақын жүреді. Сол себепті қармақты тым тереңге салудың қажеті жоқ. Алайда қармақты салмас бұрын оның талаптарға сай екеніне көз жеткізіңіз. Себебі, жіңішке, осал қармақбау сазан аулауға тіпті қол емес. Ең дұрысы жуандығы 0,4 мм болатын, ұзындығы шамамен 20 метрге дейін жететін мықты қармақбау қажет. Қармаққа желбезегінен ілінген сазанды жағаға тартып шығару да оңай шаруа емес. себебі, қармақбау жағалаудағы қамыстар мен бұталарға оралып, шатасып қалмауын қадағалау қажет. Сонымен қатар сабан балықтардың су астындағы қимылы аса белсенді болады. Алайда бастысы қармаққа іліккен балықты су түбінен ажырата білсеңіз болды, қалғаны өзіңіздің шеберлігіңізге байланысты.
Сазандар көктемнің басы мен күз ортасына дейін жем іздеудегі белсенділігі жоғары болады. Әсіресе көктемде жауын құрттарына жақсы қабады. Ал, жаз мезгілінде жем ретінде нан қалдығы, иленген қамыр, бұршақты пайдалану нәтижелі болады. Әдетте сазан балығы судың температурасы 16°С болғанда қармаққа жақсы түседі.
Ірі сазан балықтар түнде жақсы қармаққа ілігеді. Алайда топтасып тұрған сазанның орындарын дәл тапсаңыз, күндіз де ірі балықты қармаққа іліктіруге болады. Балықты жемге шақыру үшін, жауын құртын қармаққа қақ ортасынан қадау қажет. Сонда ол тынымсыз ирелеңдеп, жем іздеп жүрген балықтың назарын бірден өзіне аударады. Сонымен қатар қармақ салуға кірісер алдында суға шашатын жемді де алдын-ала қамдап алған дұрыс. Ол үшін ұсатылған бидай қалдығын, бұршақ пен жүгері дәндерін кәдеге жаратуға болады. Осылардың барлығын көлемді бір ыдысқа салып, топырақпен араластырып, үстіне су құйып 1 түнге қойыңыз. Ал, ертесі күні су түбіне шашатын жеміңіз бөгіп, дайын тұрады. Оны балық аулардан 1-1,5 сағат бұрын су түбіне шашып тастасаңыз, балықтар сол жерге жиналып, үйіңізге олжалы қайтасыз.
Қармаққа ірі балық түскенін сезсеңіз, алдын-ала қуанып, асығыс қимылға барудың, шалт әрекеттер жасаудың қажеті жоқ. Себебі, тулаған сазанды жарқыратып жағаға алып шығу біраз уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Яғни отырған орныңыздан асығыс түрегеліп кетуге болмайды. Өйткені тосын қимылды байқаған сазан оқыс тулап, су түбіне тарта жөнеледі. Сол себепті балық тек жағаға жақын қалған кезде ғана нақты іс-әрекет жасауыңызға болады. Өйткені ірі сазандар тулаған кезінде мықты деген қармақбаудың өзін үзіп кетеді.
Балық аулауға кешкі мезгілде аттанған дұрыс. Себебі қалыпты температураға келген суда сазандардың белсенділігі арта түседі. Сонымен қатар балық аулауда ауа райының рөлі өте маңызды. Әсіресе желсіз, тымық күндері балық аулаған дұрыс.
Н. Үсенова