Үнді сариі - сан мың ғасырлардан бері үнді әйелдері абыройының нышаны болып келеді. Және ол үндістік құдай аналардың негізгі киімдерінің бірі. Оның тарихы да үнді өркениеті секілді тым көне. «Сари» сөзінің өзі санскирт тілінен аударғанда «сати», яғни, «мата» деген мағынаны білдіреді.
Сарилердің алғашқы іздері Инда өзенінің бойынан табылған. Ол туралы алғашқы деректер осыдан мың жылдай уақыт бұрын жазылған үнді эпостарында кездеседі. Әрине, одан бері қаншама уақыт өтті, сари бірнеше өзгерістерге ұшырады. Жылдар ағысымен сари өз бойына халқының көптеген дәстүрі мен салтын сіңірді. Ежелгі сарилер бүгінгілеріне қарғанда тым ашық-шашықтықтарымен ерекшеленеді. Өйткені ол кездерде киім жалаңаш денеге киілетін болған.
Сари кез келген үнді әйелін сұлу етіп көрсетеді. Ол ұзындығы 4,5 метрден 9 метрге (кейде 12 метр) дейін, ал ені 1,2 метрге дейін болатын, денеге орайтын мата кесіндісінен тұрады. Мата жиегі өрнектеліп, оған таспа тағылуы мүмкін. Сариді шопи немесе равика кеудешесімен және белдемшемен (оңтүстікте – павада, шығыс Үндістанда – шая) киеді. Ал иыққа асылып тұратын мата палу немесе паллав деп аталады.
Сариді кие білу – үлкен өнер, өйткені, ұзын матаны ешқандай қыстырғыш, түйреуіштерсіз орап шығу керек. Ал бұл өнердің қыр-сырын білетін адам тапсырманы бір минутқа жеткізбей орындап шығады.
Әйелдер сари матасын әлеуметтік және материалдық жағдайларына байланысты таңдаған. Бірақ оны кию бәріне міндетті саналған. Қазір де үнді сариі үнді мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Саридің түстері үнді мәдениетіндегі белгілі бір мағынаны білдіреді. Мәселен, жесір әйелдер ешбір әшекейсіз, ою-өрнексіз ақ түсті сари киюі қажет. Жаңа босанған әйел болса, жеті күн бойы сары түсті сари кию керек. Себебі сары түс, олардың ұғымында, дін мен аскетизмді білдіреді. Ал қызыл сариді үйлену тойында киеді. Сондай-ақ Үндістанның кейбір жерлерінде тойға жасыл түсті сари де киеді екен. Жасыл түс - ислам түсі. Көк түсті сариді шудрлардың төменгі касталардан шыққан әйелдері киеді. Жасыратыны жоқ, ХХІ ғасырда үнді әйелдерінің 80%-ға жуығы сари киюден бас тартқан. Дегенмен, халықтың сариге деген құрметі тым ерекше. Әсіресе, үнді еркектерінің сари киген нәзік жандыларға деген құрметі ешқашан өзгерген емес.
Суреттер:ksanatiela.blogspot.com,megacosmo.ucoz.ru,sir-reistlin.livejournal.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева