«Саңырау қоғам» немесе құлақ тыныштығы үшін күрес

«Саңырау қоғам» немесе құлақ тыныштығы үшін күрес

Бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бұрынғы заманның адамдары тас қашаған, тау-тау толқындармен арпалысып қайық ескен, қара жермен кеме сүйреген, пирамидалар тұрғызған, бірақ біздерден көп шаршамаған. Өйткені, олардың құлақтары тыныш болған! Шынында да солай!

Қазіргі ғалымдардың айтуынша, біздің замандастарымыз негізінен, дыбыстан, тарсыл-гүрсіл, техниканың дүрілі мен гүрілінен қажитын көрінеді. Бұл жай болжам емес, ғылыми тұжырым. Шаршап қана қоймайды, көптеген адам, әсіресе, жастар мүгедек болып жатыр. Көбіне-көп саңырау... Португалия газеттерінің жазуына қарағанда бұл ел жақын жылдарда ұшқыштарсыз қалуы мүмкін. Өйткені қартайған ұшқыштарды ауыстыратын жастар қатары сиреп кетіпті. Әскери әуе күштеріне мамандар даярлау үшін өткізілетін дәрігерлік тексеру 800 жігіттің алтауын ғана жарамды деп тапқан. Олардың басым көпшілігінің есту қабілеті өте нашар боп шыққан. Себебі – даңғаза дискотека көрінеді.

Норвегияның Тронхейм деген қаласында әдемі симфониялық оркестр бар екен. Сонда ойнайтын қырық жеті музыканттың жиырма үші бірте-бірте саңырау бола бастаған соң ортолоринголог оларға концерт кезінде құлаққап киіп алу керек деп кеңес берген.

Жалпы қолайсыз және мезгілсіз дыбыстың денсаулыққа зиян екенін халық ерте түсінген. Қолдарынан келгенше күресіп баққан.

Мәселен:

* Англияда XVII ғасырдың басында қабылданған және әлі де болса күшін жоймаған бір заң бар. Ол заң ерлерге кешкі сағат тоғыздан таңғы сағат алтыға дейін әйелдерін сабауға тиым салады. Соның бәрі тұрғындардың тыныштығы үшін.

* Швейцария – автомобильдердің түнгі жүрісіне тиым салған жалғыз ел. Түн деп ол елде кешкі оннан таңғы төртке шейінгі, ал жаз айларында кешкі тоғыздан таңғы беске шейінгі уақыт айтылады.

* АҚШ-тың Оушен-Гроув атты қаласында жексенбі тыныштық күні деп есептеледі. Ол күні ешқандай автомобиль және жүк таситын көліктердің жүруіне қатал тиым салынған. Газат-журнал тасушыларға ғана велосипедпен жүруге ұрықсат етіледі.

* Калифорнияның Санта-Роза атты қаласында аяқ киімі басқан сайын сықырлайтын адамдарға айыппұл салынады.

* Нью-Йорктің бір рабатында иттің он бес минуттан артық үруіне рұқсат етілмейді. Үрсе – айыппұл төлейді. Әрине, қожайыны. Сондықтан, иелері иттерін көп үрмеуге дағдыландыратын көрінеді. Ол енді оңай шаруа емес.

* Кельн қаласында ең шулы бір оралымға дыбыс өтпейтін 320 метрлік дуал салынған.

* Рейн бойындағы Дормаген атты қалада машинаның қозғалуынан пайда болатын шуды тұншықтыратын жол жабынды жасалыпты. Ол дыбыстың төрттен бірін жұтып қоятын көрінеді.

* Австрияда «Т Битумен» деген фирма ойлап тапқан сыбырлақ асфальт бар. Болашақта автомагистральдарда, міне, сол сыбырлақ асфальтпен жүретін болады.

* Голландияда, Бельгияда, Ұлыбританияда, Германияда автомобиль дөңгелегінің дыбысын екі есе азайтатын асьфальт төселе бастапты. Оның үстімен жүрген машина қалың кілемнің үстімен қозғалғандай болады екен.

Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан. 2004 жыл.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: informationsociety.co.uk

Н. Айдархан