Сәулет өнері адамзат баласының мәдениетін танытады. Бірі биік, бірі аласа, бірі тастан, бірі ағаштан, енді бірі әйнектен жасалған. Ал Сахарада өзгеше формамен салынған ғажайып архитектуралық нысан бар. Ол құмнан жасалған. Бір қызығы, желдің әсерінен эрозияға ұшырауы тиіс бұл архитектуралық нысан 18 жылдан бері сыр бермеген. Бұл туралы толығырақ жазбамыздан оқи отырыңыздар.
«Құм демі» — Мысырдың Эль-Гуна қаласында орналасқан архитектуралық нысан. Оның негізін қалаған Даная Страту, Александра Страту, Стелла Константинидес есімді сәулетшілер екен. "Құм демінің" құрылысы 1997 жылы 7 наурыз күні аяқталған. Оның ауданы – 100,000 шаршы метрден астам.
Нысан шеңберге ұқсайды және бір нүктеден шыққан екі шиыршықпен ерекшеленеді. Бір шиыршық бойында 89 конус бар. Олардың диаметрі мен биіктігі шеңбердің центр нүктесінен алыстаған сайын арта түседі.
Ал екінші шиыршық бойында 89 "төңкерілген" конус тәрізді шұңқыр бар. Олардың да диаметрі мен тереңдігі шеңбер центрінен алыстаған сайын арта түседі.
Ал шиыршықтың дәл ортасында W әрпіне ұқсайтын шұңқыр бар. Ол жоғарыда аталып кеткен екі түрлі конустың біріктірілген үлгісі екен.
Егер осы шұңқырды сумен толтырса, көлденең бойымен жатқан кішкентай ғана төбешік пайда болады.
Ерекше "Құм демінің" авторларының айтуы бойынша, негізі ол уақыт өте келе желдің әсерімен жойылып кетуі керек екен. Дегенмен, табиғаттың күші ме екен, бұл сәулет өнеріне 18 жылдан бері уақыттың не желдің әсері тиер емес.
Сурет: adme.ru