“Адамзат әлемдегі барлық тірі жан иесіне адами көзқараспен қарайтын күн туады,”– деген екен ағылшын философы Джереми Бентам.
Бұл ғаламшарда бізден басқа да тіршілік иелері бар екенін ескере жүріп күн кешу қазіргі дамыған әлем пенделерінің қаперінде жоқ. Сол тіршілік иелерін кешегідей Халықаралық жануарларды қорғау күнінде ғана елеп қоймай, олармен үнемі үйлесімділікте өмір сүруге талпынған абзал. Себебі, жануарлар да дәл өзіміздей Жер шарының иелері, табиғи заңдылықтың бір бөлігі.
Құрметті оқырмандарымыз үшін арнайы топтастырылған жануарлардың жан тербейтін суреттері әркімнің жүрегінде мейірім оятып, табиғатқа деген махаббатын қайта қалпына келтірері анық. Төртаяқты жаратылыс иелері де біз сияқты бақыт іздейді. Олардың өздерінше өмір сүруіне, жас сәбидей сүйкімді қылықтарына сүйсінбей қарау мүмкін емес. Дүниедегі ең жауыз жаратылыс иесі деген адамзат маңдайындағы таңбаны өшіру жолындағы әрекеттер әрқашан орын тауып отырса, Бентам айтқан күн ертерек туады.