- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Рузвельт, Кеннеди, Клинтон...
Рузвельт, Кеннеди, Клинтон кітап сатып алған дүкен
Нью-Йорк – ескі дүниені жақсы сақтап қалған қалалардың бірі. Мәселен, көне кітап дүкендері. Солардың бірі – 1925 жылы іргесі қаланған Argosy кітап дүкені.
Strand кітап дүкеніне жергілікті тұрғындар түрлі жанрда, көне болсын, жаңа нұсқада болсын, қымбат-арзан, тіпті тегін кітаптарды таба алады, ал Argosy-де көбіне көне қолжазбалар, танымал ақын-жазушылардың алғашқы кітаптары секілді ескерткіштерді кездестіруге болады.
Argosy дүкенін кедей еврей отбасынан шыққан Луи Коэн ашқан. Луи дүниеге келмес бұрын, әкесінің наубайханасы болған, кейін көзі көрмей, төсек тартып, жұмысқа жарамсыз боп қалған. Луидің анасы әкесі атқарған бүкіл тірлікті өз мойнына алып, отбасын (зағип күйеуі мен Луидан басқа тағы 6 бала) асырайды. Әкесі үй жұмыстары мен балаларға қарап, барынша көмектеседі.⠀
Луи өсіп, сауат таныған соң, әкесіне кітаптар оқып береді, өзі қатты қызыға бастайды, үй іші кітапқа тола бастайды. Ақшасын үнеммен жұмсап, тек кітаптар сатып алып отырған.
Үйіне кітап қоятын орын болмағандықтан, ағасынан $500 қарызға алып, 4th Avenue-ден (сол кезде бұл көшеде кілең кітап дүкендері орналасқан) дүкен ашып, кітаптарын сата бастайды. Кейін 1931 жылы 59-көшеге көшіп келеді.
1964 жылы Луи тұрып жатқан үйді бұзбақшы болады, сөйтіп отбасымен дүкенінің жанына көшіп барады. Сол ғимаратты өзі отбасымен толық жалдап тұрады, қасында дүкені.
Дүкенде сирек кездесетін кітаптар өте көп: Марк Твен мен Эмили Дикинсонның тұңғыш жарық көрген қолжазбалары, Шекспирдің шығармалары сақталған. Чарльз Дарвиннің бірінші кітабы осы дүкенде 60 мың АҚШ долларына сатылған. Бұл кітап дүкеніне Жаклин Кеннеди, Франклин Рузвельт, Билл Клинтон, Майкл Джексон бас сұққан. Бірде Индонезиядан келген белгісіз турист 55 мың АҚШ долларына кітап сатып алып кеткен екен.
6 қабаттық ғимарат қазір тұтас дүкенге айналған. Жертөлесінде 45 мыңға жуық барша оқырман қауымға арналған кітаптар сатылады: көркем әдебиет, биография, драма, музыка, дін, ғылым, поэзия, аспаздық және тағы басқа тақырыптарға бөлінген.
Бірінші қабатта түрлі антиквариаттардан дайындалған көрме бар. Екінші қабат ескі суреттер, гравюра, плакаттар мен картиналар ілінген галереяға арналған. Бесінші қабатта Америка тарихына негізделген ірі тарих факультеті бар. Алтыншы қабат – қолжазбалар қоры бөлімі. Мұнда фотография, хат, авторлардың қолтаңбасы бар кітаптар да бар.
Бір қызығы, бұл дүкенде Альфред Хичкоктың Vertigo фильмінің кей эпизодтары түсірілген екен.
Кітап дүкенінің иесі Луи 1991 жылы қайтыс болған, қазір дүкенді 3 қызы мен немерелері басқарады. Бұл – толық, отбасылық кәсіпке айналған. Дүкен Орталық парктің жанында орналасқан, ғимаратты сатып алғысы келетіндер көп, бірақ Луидің ұрпақтары үнемі бас тартады екен.
Г. Берік