Романтика өмір сүретін үйлер

Романтика өмір сүретін үйлер

Эх, Романтика! Романтика! Өзіңнің соңыңнан кімдерді ертпедің сен! Сен үшін мына әлемде нелер жасалып, нелер өшірілмеді! Ал мына төмендегі қонақ үйлер сенің өмір сүруің үшін жасалыпты. Танысқың келе ме?!

1. «Bellagio» қонақ үйі. Лас-Вегас

Бұл қонақ үй Лас-Вегас қаласында орналасқан. Өзінің казиносымен атағы шыққан сарайға кез келген адам кіре алмайды. Жасыңыз 21-ге толмаған болса, қонақ үй туралы армандамай-ақ қойыңыз. Анығын айтқанда «Bellagio» - жас жұбайлардың, ғашықтардың ордасы. 

2. «Amankila» қонақ үйі. Бали


Индонезия жеріндегі романтика патшалық құрған бұл қонақ үй талайлардың қолжетпес арманы! Көз алдыңызға елестетіңізші: тынық теңіз, жартылай жағалаулар, күлімдеген күн, таза ауа... Ғашықтарға мұнан артық не керек? Бастысы - бөлмені дұрыс таңдай білу. «Amankila» Ломбок бұғазы шайып өтетін биік жартаста орналасқан. "Жылдың ең үздік романтикалық қонақ үйі" атағына ие болған қонақ үйде бар болғаны 34 бөлме бар. Сондықтан оңаша қалғысы келетіндерді ешкім мазалай қоймайды.

3. «Hotel George V» қонақ үйі. Париж

Романтика сөз болған жерде Парижды ауызға алмау мүмкін емес. Дәл осы қаладан орын тепкен «Hotel George V» қонақ үйінде романтиканың құшағына еніп, сезіміңізге ерік бере аласыз. Сондай-ақ, көптеген картиналар мен көне заттардың куәгері атанасыз. 1928 жылы ашылған қонақ үйде кезінде Чарли Чаплин және АҚШ президенттері демалған екен.

4. «The Ritz Carlton Cancun» қонақ үйі. Мексика

Өзіңіздің романтикалық демалысыңызды Мексикада өткізуді армандадыңыз ба? Жауабыңыз "Иә" болса, "The Ritz Carlton Cancun" қонақ үйіне тұрақтауыңыз керек. Ол кезінде қарапайым ауыл болған Канун атты көне қалада орналасқан. Бұл жерде Кариб теңізінің сұлулығына тәнті болып, өте жайлы ұйымдастырылған қонақ үйде армансыз ұйықтауға, көңіл көтеруге болады. Жағалау, күн және құм сізді қашанда күтетін болады!

5. «Hotel Danieli» қонақ үйі. Венеция

Тізіміміздің шымылдығын жапқалы тұрған тамаша қонақ үй Венецияның бауырында жатыр. Кезінде Венеция билеушісінің сарайы болған «Hotel Danieli» готикалық үлгіде безендірілген. Үйдің терезелерінен Венецияның сұлу көрінісін тамашалап, ғашығыңызбен бірге ескекті қайықта серуендеуіңізге ешкім кедергі болмайды.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Ардақ Құлтай