- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Рокфеллер асматтардың құрбаны...
Рокфеллер асматтардың құрбаны болған
Арада жарты ғасыр өткеннен соң барып қана америкалық белгілі банкир әрі саясаткер Нельсон Рокфеллердің ұлы Майкл Рокфеллер қазасының құпиясы ашылып отыр. 23 жасар этнограф әрі антропологтың өлімін оған ұзақ жылдар бойына тыңғылықты зерттеу жасаған National Geographic телеарнасының журналисті Карл Хоффман анықтады, деп жазады Daily Mail.
Майкл Рокфеллер өзінің Жаңа Зеландияға жасаған экспедициясы кезінде іс-түссіз жоғалып кеткен еді. 1961 жылы ол голландиялық этнограф Рене Вассингпен бірге тың артефакт алу үшін жергілікті адамжегіш асматтардың тайпасы шоғырланған аймаққа сапар шеккен.
Басқа аборигендер болса Рокфеллерге аталған тайпа өкілдерінің аса қауіпті екенін айтып, оны бірнеше рет райынан қайтармақ болған. Тіпті бір шаман жас ғалымның бетінен «өлімнің бетпердесін» көріп тұрғанын айтса да, Рокфеллер дегенінен қайтпай, қасына Вассинг пен тағы да екі жолсерікті ертіп асматтар елді-мекеніне аттанып кеткен.
Төртеуі де қолдан жасалып мотор орнатылған шағын ғана қайыққа отырып, өзен арқылы асматтардың қонысына жол тартады. Арада бірнеше уақыт өткеннен соң қайықтың моторы өшіп қалады. Сол кезде жергілікті жолсеріктер үстіне жанармай құюға арналған канистрларды орап үш шақырымға жуық жердегі жағаға әрең дегенде жүзіп барған. Алайда олар қалың орманда (джунглиде) адасып кетіп, іздеу тобы оларды тек арада бірнеше күн өткеннен кейін ғана табады.
Ал Рокфеллер мен Вассинг мінген бұзылған қайықты толқын төңкеріп тастайды. Сол кезде Рокфеллер жағаға өз күшімен жүзіп баруға бел буады. Қасындағы серігін бірнеше рет үгіттесе де, Вассинг онымен баруға көнбейді. Ақырында жағаға Рокфеллердің өзі ғана жетеді. Сол сәттен бастап оны ешкім көрмеген. Одан қандай да бір хабар болған жоқ.
Бірнеше сағаттан кейін Вассингті ұшақ тауып алады да, ол желкенді қайық көмегімен құтқарылады. Кейін голландиялық болған мән-жайды баяндағаннан соң Майкл Рокфеллерді іздестіруге үлкен күш жұмсалады. Алайда одан еш нәтиже шықпаған.
Майкл Рокфеллердің жоғалуына байланысты әртүрлі болжамдар айтылды. Біреулер оны суға батып кетті десе, біреулер қолтырауындар шабуылына тап болды дегенді айтты. Ал басым көпшілігі жас ғалымды асматтар өлтіріп, жеп қойды деген болжамға тоқтады.
Енді арада бірнеше жыл өткеннен кейін осы соңғы нұсқаның шындыққа жанасатыны дәлелденіп отыр. Өткен аптада ғана жарық көрген "Savage Harvest" атты кітабында Карл Хоффман асматтардың өздерінің салт жорасы бойынша жас ғалымды қандай азаппен өлтіргенін суреттеген. Қайғылы оқиға болатын күні таңертең Майклды жағаға жетіп қалған кезде асматтар байқап қалады. Каноэге мінген олар ақ адамның қасына жүзіп келіп, оны найзаларымен түйреп, кейін басын кесіп алған. Денесін бөлшектеп, үй-үйге бөліп, кейін оны жеп қояды.
Ал осыған дейін асматтардың Майклды өлтіруінің басты себебі ретінде тайпа адамдарының оны теңіз құбыжығына ұқсатқандығы айтылған еді. Олардың аңызы бойынша, құбыжық адам кейпінде әрі терісі де ақ болған екен. Алайда кітап авторы Рокфелердің өлімінің шын себебі кек болғанын жазады. Анықталғандай, бұл қайғылы жағдайға дейін голландиялық отаршы үкімет өкілдері асматтардың бес бірдей көсемін атып тастаған екен. Хоффманның пікірінше, осыған кектенген асматтар ақ адамды айуандықпен өлім құштырған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: itogi.ru
Б. Қосмағамбет