- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Ресейде иттердің тәрбиесінде...
Ресейде иттердің тәрбиесінде өскен бала табылды
Ресейде иттер арасында өсіп, солардан тәлім алған 10 жасар бала табылды. Бұл туралы Life News хабарлады.
Баланың қай уақытта, қай жерден табылғандығы нақты айтылмайды. Дегенмен Самарадағы "Ровесник" балалар үйінің тәрбиешісі Наталья Митянкина: "Бұл баланы алғаш көргенде кәдімгі маугли ма деп қалдық. 10 жасар бала сөйлемек түгілі, қасықпен ішіп-жей де алмайтын. Иттер секілді ыдыстағы тамақты жалап жейтін. Ал бөтен балаларға ашуланғанда төрт аяқтап тұрып үретін еді", - деп сұхбат берді.
Сәби балалар үйіне түспестен бұрын шешесімен және бірнеше туыстарымен бір шаңырақтың астында тұрған. Дегенмен балаға ешкім жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей нәресте көше кезіп, білгенін қылып жүре берген. Көп жағдайда тамақты ауладағы бес итпен бірге бір құтыдан ішіп, қарын тойдыратын болыпты.
Самарадағы Киров ауданының балалар үйінің меңгерушісі Татьяна Иванова журналистерге айтқан сөзінде: "Біз баланы анасынан айыруды мақсат қылмаймыз. Әйтсе де, дәл осы жағдайда біз бұлай етуге мәжбүр болып отырмыз. Мұндай тозақи жағдайда өмір сүргеннен гөрі, оның біздің қарамағымызда өмір сүргені әлдеқайда дұрыс деп ойлаймыз", - деді.
Баланың айналасымен тіл табысып, сөйлеп үйренуі үшін бір жылдай уақыт кетіпті. Бір жыл өткен соң, анасы жұмысқа тұрып, баланы сот шешімімен қайтарып алса да, көп уақыт өтпей ұлын балалар үйіне қайта әкеліп тастапты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: liveinternet.ru