Өзен-көлдің жағалауын, теңіздің бұйра толқынының бейнесін көз алдыңызға елестетсеңіз, сол бейнемен қатар жағалаудың айналасындағы тіршілікті көз алдыңыға әкелетін дыбыс та қатар естіледі. Жағаға асыққан толқынның үнімен үндесіп шығатын, қиқуға басқан құстардың дауысы. Көл бетіндегі майда балықтарды азық қып жүрген ақ шағалалардың үні. Топтасып тіршілік кешіп, шуылдаудан, әсте, тынбайтын осы бір құстың жайында қандай мағлұмат білеміз? Басқа құстың жұмыртқасын ұрлап жейтін шағалалар әлемнің барлық сулы аймақтарында кездеседі. Өзгенің ұясын ойран қылса да, өзінің балапанын қырағылықпен қорғап, қанатын қақтырғанша тыным таппайтын шағалалар жылына 10-15 жұмыртқа басады. Тек сол 15-тен тек 2-3-ін ғана аман алып қалады. Оған себеп, жоғарыда айтқандай, тіршілік үшін күрес, құстардың бір-бірінің жұмыртқасын азық қылуы. Топтасып тіршілік кешетін олардың 1 отарында 10 мыңнан аса шағала болады екен. Шағала әлемдегі ең көп таралған құстардың қатарына жатса да, олардың кейбір түрінің саны мүлде аз. Әлемдік қорғауға алынып, Қызыл кітапқа енгізілгендері де бар. Соның бірі әлемнің тек екі жерін мекен ететін Реликті шағала. Алакөл аралдарындағы қия тастардың арасына ұя салатын ол 1984 жылы жоғалып кету қаупі бар, саны өте аз құс ретінде КСРО-ның Қызыл кітабына енгізілген. Қазіргі уақыттағы саны, шамамен 5 мыңнан асады. Мамыр айының ортасында Алакөл Аралтөбелерінде ұя салып, бар-жоғы 1-4 жұмыртқа басады. Бұл жұмыртқадан жетілген балапан 40-45 күнде қанаттанып, өз еркімен ұша алатын хәлге жетеді. Олар, көбіне жәндіктермен, ұсақ майшабақтармен қоректенеді. Әсіресе, масаны жақсы қорық етеді. Шағаланың бұл түрі ғылымға ең алғаш рет 1929 жылы енгізілді. Швед орнитологы Эйнар Леннберг бұл құсты Моңғолия аумағындағы Гоби шөлінің көлшіктерінен кездестірген. Бірақ, реликті шағала жайлы тұжырымдамасы сәтсіз аяқталып, қате ақпарат ретінде қалып қойған. Ширек ғасырдай уақыт өткенде бұл құс Гоби аумағынан да жоғалып, мүлдем кездестірмей кетеді. Осылайша, мүлде жоғалып кеткен құстардың қатарына қосылғалы жатқан Реликті шағаланы 1968 жылы қазақ орнитологы Ернар Әуезов Алакөл аралдарынан табады. Ғалымның нұсқауымен 1971 жылы бұл құсты қорғауға арналған Реликті шағала орнитологиялық қорықша ұйымдастырылды. Ол қорықша, кейін Алакөл табиғи қорығының ашылуына себепкер болды.