- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Пуналу – көмір түсті...
Пуналу – көмір түсті жағалау
Биг Айленд атты қара жағалау Гавай аралдарындағы Хило қаласының оңтүстігінде орналасқан. Халық бұл мекенді "Пуналу жағалауы" деп атайды. Бұл жай ғана жағалау емес, қара құм аномалиясына арналған тұтастай бір саябақ. Лава балқымасы мұхит суына қосылып, толқын әсерінен жағаға шығып қалғандықтан жағағай осындай көмір түске боялып шыға келген.
Қара жағалаудың да өзіндік пайдасы, өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда демалатын адамдар көп емес. Яғни, сізді ешкім мазаламайды, у-шудан біржола құтыласыз. Әсіресе, оның сыртқы көрінісі көзіңіз үйреніп кеткеннен кейін ерекше әсер қалдырады.
Жағалаудың адам көзінен тасада жатқан тағы да бір кереметі бар. Сол жердің тұрғындарының айтуы бойынша, жағалаудың астынан тұщы су ағады екен. Тұщы су өте салқын және мұхиттың ащы суымен араласып кетпейді.
Бір жақсының бір кемшілігі болуы да заңды. Күн ысығанда қара құм әдеттегі құмға қарағанда екі-үш есе қатты қызады. Сондықтан, аптап ыстықта құмды жалаң аяқ басу туралы ойламай-ақ қойсаңыз да болады.
Қара жағалаудың қожайындары – тасбақалар. Өйткені, мұнда адамдарға қарағанда тасбақалар көп. Оларға зиян тигізуге немесе өлтіруге заң негізінде тыйым салынған.
Г. Берік