Тынық мұхитындағы қоқыстардың көлемі шамамен АҚШ елінің аумағына тең. Инженерлер мен экологтар бұл мәселенің алдын алу үшін түрлі шараларды қарастырып жатыр. Мұхиттардан пластик қоқыстарды тазалау әлі де шешілмеген мәселелер қатарында. Оның пайда болуына түрлі өзендермен ағып келетін тонналаған пластиктер себепші.
Роттердам қаласының экологтары мен белсенділері мұхиттағы қоқыстардың көбеймеуі үшін Ньиве-Маас өзеніндегі қоқыстарды тазартатын ерекше жоба әзірледі. Ньиве-Маас Рейн өзенінің үлкен тармағы. Ол Роттердам арқылы ағып өтеді.
RecycledIsland Foundation компаниясы өзендегі пластик қоқыстарды ұстап қалатын үш арнайы тор жасаған. Бұдан бөлек өзенді тазалау жұмысына еріктілер де қатысқан. Олар өзен жағасындағы пластиктерді жинаған. Жиылған пластиктерді қайта өңдеу орындарына жіберіп, олардан өзенде жүзіп жүретін арнайы бақ жасалған. Ньиве-Маас өзенінде жүзіп жүретін бақ өткен жылдың жаз маусымында пайдалануға тапсырылған. Пластиктен жасалған бақ алты бұрышты 28 блоктан құралған. Мұндай дизайн уақыт өткен сайын жаңа блоктар қосу үшін арнайы таңдап алынған екен.
Бақтың негізгі аумағына түрлі өсімдіктер мен ағаштар отырғызылған. Қалған бөлігі келушілер үшін демалатын орын етіп жасалған. Аталған бақ қала тұрғындары мен туристердің сүйікті мекеніне бірден айналды. Оны жасаушылар осы арқылы мұхитта жиналып жатқан пластик қоқыстарға жұрт назарын аудармақшы.