Өзге планетадағы тіршілік иелерін 30 жылда табамыз

Өзге планетадағы тіршілік иелерін 30 жылда табамыз
Фото: NBC News

Ширек ғасыр бұрын Күн жүйесінен тыс жерден алғашқы экзопланетаны ашқаны үшін биыл Нобель сыйлығының лауреаты атанған швейцариялық зерттеуші Дидье Кело Лондонда баяндамасын оқыды. Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің астрофизигі Жерден тыс өркениеттің бар екеніне шүбә келтірмейтінін, алдағы 30 жылда оларды табатынымызды мәлімдеді.

Физикадан 2019 жылғы Нобель сыйлығы

2019 жылы Нобель сыйлығын астрономияда жаңалық ашқандарға табыстады. Дидье Кело бұл марапатты Принстон университетінің философия докторы Мишель Майормен бөліп алды. Екі астрофизик 1995 жылы Юпитерге ұқсас экзопланетаны тапқан болатын. 51 Pegasi b атау алған ғаламшар Жерден 50 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Ғалымдар экзопланетаны табу үшін доплерлік спектроскопия әдісін қолданған.

Жерден тыс өмір

Кело мен Майордың ашқан жаңалығынан соң бүгінгі таңға дейін 4 мыңнан астам экзопланета анықталған. Бұл адамзат санасына өзгеріс әкеліп, Ғалам туралы түсінікті түбегейлік өзгертті. Әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар экзопланеталарынды тауып, Жерден тыс өркениетті анықтауға тырысты. Дидье Кело адамзат Ғаламда жалғыз емес екеніне сенімді. Ғарыш кеңістігінде жұлдыздар мен ғаламшарлардың көптігі соншалық олардың ешбірінде тіршілікті жоқ болуы мүмкін емес дейді. Жер шарында тіршіліктің пайда болуына әсер еткен химия ғаламның өзге бір бөлігінде дәл осы әрекетті қайталамасқа кім кепіл? Алдағы 30 жылда технологияны жетілдіру арқылы өзге ғаламшардағы тіршілікті анықтау мүмкін болады дейді Дидье Кело. 

Корнелл университетінің Карл Саган институтының директоры Лиза Калтенеггер 1995 жылы алыс әлемнің ашылуы ғаламшардағы өзге тіршілік иелерін іздеу әдісін түбегейлі өзгертті дейді. Келіспеске амал жоқ. Өйткені осыдан кейін ғалымдар әрбір бесінші жұлдызда Жер шарына ұқсас планетасы бар екенін анықтаған. Ал біздің Ғаламда 200 миллиардтан астам жұлдыздың бар екенін ескерсек Жерден тыс өркениеттің болуы заңдылық.

Астрономдар не іздейді?

Қазірден бастап астрономдар барлық табылған экзопланетадағы сәуленің мөлшерін анықтап жатыр. Бұл өзге планеталардың атмосферасында тіршілік белгісінің бар-жоғын түсінуге көмектеседі. Заманауы телескоптар Ғаламда адам баласынан басқа тіршіліктің бар не жоқ екенін анықтауға жеткілікті деректермен қамтамасыз ете алады. 2021 жылы жұмысын бастайтын Джеймс Уэбб телескопы бұған дәлел.

Айта кетерлігі, жақында ғалымдар K2-18b атты экзопланетаның атмосферасынан су буының бар екенін анықтаған. Мүмкін өзгепланеталықтарды 30 жыл емес, одан ерте тауып қалармыз?

 
А. Рысдәулет