АҚШ-тың Йосемити атты ұлттық саябағындағы Хорстейл сарқырамасы – әлемдегі ең сирек кездесетін табиғат құбылысы. Туристер қауымы Хорстейлге «маусымды сарқырама» деген екінші атты таққан. Өйткені, сарқыраманың кереметі – тек қыс және ерте көктем айларында ғана байқалады. Сарқырама ақпан айының бірнеше күндерінде ғана от болып жанады, яғни отты су ағады.
Жо-жоқ! Бұл сіз ойлағандай тілсіз жау – өрт емес! Бар болғаны сарқыраманың жоғары жағында батып бара жатқан күннің әсерінен судың түсі сарғыш түсті болып көрінеді. Тап бір от құлап ағып бара жатқандай болады.
Хорстейл – Йосемитидегі ең биік сарқырама. 480 метр биіктіктен құлап ағып жатқан су екі ағынға бөлінген.
Мұнда жыл сайын ақпан айының соңғы күндерінде аты аңызға айналған ерекше құбылысты көру үшін мыңдаған туристер жиналады. Кеш батысымен, екі көздері төрт болған туристер құбылысты суретке түсіріп үлгеруге тырысатын көрінеді.
Суреттер:serzh0109.yvi.kz,liveinternet.ru,yvision.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева