- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Өркештің ішіндегі не?...
Өркештің ішіндегі не?
Түйе көрген баланың таңғалары анық. Көріп жүрген жануарынан ерекше. Үстінде тау-тау өркеші бар. "Ол не, оның ішінде не бар?" деп сұрап қоймайтыны тағы бар. Оған көбіміз "өркештің ішіндегі – май" деп жауап беріп жатамыз. Бұл қаншалық рас?
Ойсыл қара ұрпағы климаты қатқыл, суы мен шөбі жоқ мекенде өмір сүретін жануар. Су пен шөпті үнемдеу аса маңызды. Нулы жерге тап болған түйе одан көп азық пен калория, су алып қалғысы келеді. Түйе бір ішкенде, 114 литр су ішеді.
Ал азықты сақтаудың биологиялық мүмкіндік берген ең тиімді жолы – бұл май. Түйе жеген шөптің көбін майға айналдырып, өркешіне жинайды. Егер байқасаңыз, семіз түйенің өркеші қарынға салынған майда доп-домалақ келеді, тік тұрады. Одан түйе шөп жемей, 4-5 ай жүруге қауқарлы. Ал арық түйенің өркеші де солып жатады.
Адам да, жануар да май жинайды. Бірақ әркім әртүрлі. Адам қарынға, белге май жинаса, аю табанына жинайды. Алайда жануар атаулының ішінде майды осындай қызық, біртоға жинайтын түйе ғана. Неге десеңіз? Бұл түйенің анатомиялық жаратылысымен тікелей байланысты.
Түйенің қарын тұсында төмпешік бар. Ол шөл далада жатқанда, денесіне ыстық пен суықты өткізбейді. Сол төмпешік түйеге майды қарын тұсқа жинауға мүмкіндік бермейді.
Екінші жағынан түйенің өркеші күннің ыстығы мен күн өтуден, күйік шалудан қорғайды.
Түйенің біз біле бермейтін тағы бір қабілеті бар. Ол – ауадағы ылғалмен шөлін қандыра алатыны. Бұл да бір шөл сұрапыл табиғатқа бейімделген ерекшелігі болса керек.
Қ. Слямбек