Голландия астанасы Амстердамда ерекше қонақүй ашылды. «Hotel Droog» аталған отельдің ерекшелігі онда тек бір ғана адамға арналған нөмір бар. Ал оның жалпы ауданы 700 шаршы метрді құрайды. Атап өтетін жәйт, қонақүй дизайны мұражай және мәдениет орталығына сай етіп жасалған.
Соған қарамастан, нөмір өте көркем безендірілген. Онда жақсы демалыс пен өмір сүруге арналған барлық нәрсе бар: асүй, қонақ бөлмесі, үлкен кереует. Келген қонақтың қосымша шағын саябақта серуендеп, таза ауамен демалуына мүмкіндік бар. Бөлмелердің ішкі дизайны да ерекше етіп жасалған.
Интерьер дизайны керемет жиһаздар мен аксессуарлардан ғана тұрмайды. Оған ерекше атмосфера беретін жағдай оның стилінде жатыр. Дизайнерлер тобының бөлмелердің барынша қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлауы үшін үлкен еңбек атқарғаны бірден көрінеді.
Сіз керемет дизайны, стилі, үлкен аумағы бар қонақүй неліктен бір нөмірге ғана арналған дейсіз бе? Оның жауабы отель бұл өмірден шаршап шалдыққан, стрестік жағдайға түскен, өзін еркін, оңаша сезінгісі келетін жандарға арнап салынғандығында жатыр. Несі бар! Өзін қоярға жер таба алмай, қарбалас өмірден жалыққан жандар үшін таптырмас орын болатыны даусыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: uznayvse.ru