- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Ніл өзені қашан...
Ніл өзені қашан пайда болған?
Әлемдегі ең ұзын өзен жайлы зерттеулер аз емес. Ніл өзені Бурунди елінен бастау алып, Жерорта теңізіне құяды. Оның жалпы ұзындығы – 6671 шақырым.
Шығыс Африка таулы үстіртінен басталатын Кагера өзені Нілдің бастауы болып саналады. Өзен Виктория және тағы да басқа көлдер арқылы ағып өтеді. Бірнеше салаларды қосып алып, жазыққа шыққан кезде Ақ Ніл деп аталады. Хартум қаласы маңында Көк Ніл өзенімен қосылып, Ніл деген ат алады. Дүние жүзіндегі ең үлкен шөл Сахараны кесіп ағып өтеді.
Жуырда геологтар өзеннің "жасын" анықтап көрді, - деп жазады Nature Geoscience. Анығында өзеннің пайда болған уақыты олар ойлағанан 6 есе көп болып шыққан. Ніл Африка құрлығында 30 миллион жылдан бері ағады екен.
- Ең көп талқыланатын сұрақтардың бірі – Ніл өзені қашан пайда болғаны, осы уақытқа дейін қалай сақталып тұрғаны жайлы болатын, - дейді Roma Tre University-нің геологы Клаудио Фаччена.
Ескі өзендер ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бағытын өзгертетіні бар. Ал Нілдің бағыты өзгерген емес. Бұл ғалымдардың қызығушылығын тудырған еді.
Жауабын білуге асыққан ғалымдар арнайы зерттеу жұмыстарын Эфиопия таулы қыратындағы ежелгі жанартау жыныстарынан бастаған. Оны Ніл өзені түбіндегі шөгінділермен салыстыра қараған. Одан өзге олар компьютерлік модель арқылы 40 миллион жылдағы тектоникалық картаны жасап шыққан. Нәтижесінде Эфиопия таулы қыраты мантия атқылауы әсерінен пайда болғаны дәлелденіп отыр.
Салыстыра қарағанда жылдам пайда болғандықтан миллиондаған жылдан бері жүйесі бұзылмаған. Мантия әсерінен жер қыртысы күрделі әрі қатты болып түзілген. Жер қыртысы жүйесі оңтүстікке қарай биіктеп, солтүстікке еңіс болып, өзенді бірқалыпты ағызады екен.
Н. Үсенова