Никсен. Хюггенің голландиялық нұсқасы

Никсен. Хюггенің голландиялық нұсқасы
Фото: vk.com

Біз осыған дейін әлемде кең таралған «хюгге» ұғымы туралы ақпарат берген болатынбыз.

Нақты аудармасы болмаса да, бұл сөз «жайлылық» («уют»), «ауқаттылық», «дәулет», «молшылық» деген мағынада қолданылып жүр. «Хюгге» — үйлесімді интерьер, жылы атмосфера, барша туған-туыспен бірге өмірдің әдемі сәттерінен ләззат алу үдерісі. Айрықша жылы тыныштыққа бейім болу феномені. Соңғы 2-3 жылда трендке айналып, бүкіл әлем жұртшылығының өмір салтына енген-ді. Жуырда оған балама, бірақ, сәл айырмашылығы бар «никсен» ұғымы пайда болды.

Niksen («никсен») — ештеңе істемеуден ләззат алу пәлсапасы. Оның хюггеден басты айырмашалығы – ауқаттылықты, яғни, жоғары көлемдегі шығындарды қажет етпеуі. Ғалымдар бұл «өнердің» психиканың тынығып, эмоционалды ауытқушылықтар жиілігінің төмендеуіне айтарлықтай оңтайлы әсері барын дәлелдеген.

Сонымен, ғалымдар неге бұлай дейді?

Әдетте демалысын саяхатқа жұмсаған адамдардан асқан бақытты жан жоқ секілді көрінетіні рас. Бірақ олай емес болып шықты. Шет елге сапар шегіп келгендердің психикасы әлсіз, күйзеліске бейім келеді екен. Өйткені жоспар бойынша белгілеп қойған ғимараттар мен нысандарын бірінен соң бірін аралап, әрлі-берлі жүгіру кезінде кездесетін мәдени, тілдік, өзге де көптеген кедергілер демалыстан гөрі сынаққа саяды. Ондай еңбек демалысынан қайта оралған адам өз-өзіне келу үшін үйінде ештеңе істемей бір апта тынықпаса, жағдай насырға шабады. Ал елден жырақта әсерлі саяхат жасап, әрі дем алғысы келген жанға «никсенді» игеру керек-ақ. Ғалымдар солай дейді. 

Бар еңбегіңіз Сизифтің тасы құсап төмен домалау үшін біз айтқан амалдарды жасаңыз

Қаланың көрікті жерлерін аралау деген қатып қалған ережені ұмытыңыз 

Баратын мекеннің атауын интернетке теріп, Уикипедия тізіп берген жергілікті нысандарды жоспарға қосу секілді классикалық туристік әрекет жасаудың қажеті жоқ. 

Сіз әу бастан сол жерде тұратын адам образына еніп, күнделікті өмір салтыңызды қайталай беріңіз. Мысалы, Алматының тұрғындары бұл қалаға келген қонақтар сияқты Көктөбе, Медеу кезіп, мұражайларға сағаттап кезекке тұрмайды ғой. Демалысын шағын ғана кафеде, сүйікті асына тапсырыс беріп қойып, тынымсыз тірлікке терезеден ғана куәгер болып отырумен-ақ өткізеді.

Үй немесе қонақ үй бөлмесін теңіз жағасынан жалдау 

Теңіз жағасында отырудың өзі тыныштық сыйлайды. Бұл жәй ғана қияли поэтикалық тұжырым емес, ғалымдар пікірі. Өмірінің 25 жылын осыны зерттеуге арнаған теңіз биологы Уоллес Дж. Николс «Blue mind: The Surprising Science that Shows How Being Near, In, On or Under Water Can Make You Happier, Healthier and More Connected» атты кітабында да судың күйзелістен тез арылтатын қасиетін баса айтады.   

Саяхаттап барған жеріңізде теңіз болмағанның өзінде, кез-келген су көзі – таптырмас психолог.

Спада ұзақ уақыт өткізу 

Демалыс көбінесе адам төзгісіз шаршаудан басталады. Голландиялық ғалымдардың зерттеуі бойынша, мерекелік демалыс күндерінен бір апта бұрын жұмысшылардың психикалық және физиологиялық денсаулығы ең төмен жағдайда болады екен. Сол секілді еңбек демалысы алдындағы қарбалас та кері әсерін тигізбей қоймайды. 

Мұндай жағдайда спа салонға барып, күні бойы ештеңе жасамай жатыңыз. «Никсеннің»  шыңы сол шығар...

Гастрономиялық саяхат жасаңыз 

Бір орында отырып алып, түрлі-түрлі тамақ жеу «никсен» пәлсапасына сай келеді. Кез келген елге жасалатын саяхатты оның ұлттық тағамы негізінде құруға әбден болады. 

Бір лайфхакпен бөлісе кетейік, мұндай сапарды күз мезгіліне жоспарлау өте тиімді. Өйткені өнім толықтай жиналып, бағасы арзан болатын кез. Әрі туристтер легі де айтарлықтай азаяды. 

Кинотеатрларға қамалып алыңыз

Әдетте үйде демалғанның өзінде тапжылмай отырып, бірінен соң бірін қосып кино көре беретініміз рас. Екі күн демалыс тек осымен-ақ өтіп кетіп жатады. Бұның саяхат кезіндегі айырмашылығы – өзге ел кинематографиясымен тығыз таныстықтың орын алуы. Бір жағынан ештеңе істемейсіз, екінші жағынан таным көкжиегіңіз кеңейіп шығады.
 

А. Оралқызы