Швед биофизиктері қылқан жапырақты ағаштардың неге қыста да, жазда жасыл реңкте болатынын анықтады. Олардың айтуынша, мұндай ағаштарда фотосинтез құбылысы жыл он екі ай тоқтамайды. Сондықтан қылқаны қурамай, жасыл пигменті солып кетпейді. Ғылыми зерттеу Nature Communications журналында жарияланған.
Шведцияның Умео университеті мен Амстердам еркін университеті және Канаданың Шығыс Онтарио Университетінің ғалымдары қарағай ағашының қылқан жапырағында жүретін фотосинтез құбылысын зерттеп, басқа ағаштардан айырмашылығы не екенін анықтап көрді.
Ғалымдардың айтуынша, ағаш атаулының бәрі қысқа таяу күн энергиясының азайып, фотосинтез құбылысының тоқтауына байланысты жапырағы қурап, биохимиялық реакцияларды басым бөлігі қысқарады. Аяз мен күн суықта түскен күн энергиясы фотосинтез механизмін бұзып, ақуызды ыдыратып жібереді. Алайда қылқан жапырақты ағашта фотосинтез процесі қыста да, аяз бен күн суықта да тоқтамайды.
Зерттеушілер Умео қаласы маңында өскен бірнеше қарағайдың қылқандарын алып зерттеген. Ғалымдар қылқан жапырақты зертхана апармай, дәл далада тұрып сынамасын алған. Өйткені электронды микроскоп пен зертхананың жылуына "жылынып" өзгеріп кетуі мүмкін еді.
"Зерттеу барысында қарағайдың қылқаны қыста күн энергиясын жұту мен оны фотосинтез құбылысына айналдырудың ерекше тетігін іске қосады. Соның арқасында ағаштың фотосинтетикалық аппараты шағылысқан күн энергиясын қор түрінде жинап, бөлек фотожүйе құрады. Содан қарағайдың табиғат құбылысына шебер бейімделетінін байқаймыз", - дейді зерттеу тобының мүшесі Умео университетінің аспиранты Пушана Бага (Pushan Bag).
Тағы бір ғалымның айтуынша, қарағайдың бұл қасиеті адамзатқа үлкен пайда әкелді. Мәселен, қыста қарағай болмаса, адамдар суық аймақтарға қарай қоныстана алмас еді.
"Солтүстік жарты шардағы адамдарға қарағай отын мен баспана болды. Ал қазір поляр маңы елдерінің экономикалық табысына айналуда", - дейді профессор Стефан Янссон (Stefan Jansson).