ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР, БҰЛ ЖАЗБА 1 СӘУІР КҮЛКІ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАЗЫЛҒАН ӘЗІЛ МАТЕРИАЛ БОЛАТЫН. СОЛ СЕБЕПТІ ЖАЗБАДАҒЫ АҚПАРАТТАРДЫҢ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН ЕСКЕРТЕМІЗ.
Филип Моррис Қазақстан компаниясы насыбайға ұлттық сипат беретін болды. Көптеген халықаралық брендтер мен жергілікті темекі өнімдерін басқа Орталық Азия елдеріне экспорттайтын ФМҚ бұл жолы жаңа қадамға барып отыр.
Бұл туралы Marlboro, Parliament, Virginia Slims, Muratti, L&M, Bond Street, Lark, Next, President сияқты атақты брендтермен бірге отандық екі бренд болып табылатын Полет, Казахстан өнімдерін шығаратын компания өкілі Асқарбек Мыңжасар кеше, жұма күні өткен брифингте мәлімдеді. Насыбай – шегілмейтін табак өнімі және Орталық Азия елдерінде көп таралған.
Насыбайдың негізгі құрамы табак пен сілтіден тұрады. Сонымен қатар, оның құрамына өсімдік майы мен басқа да қоспалар енуі мүмкін. Дәмінің өзгеруі үшін өнімге түрлі дәмдеуіштер де қосылуы ғажап емес. Бұл өнім бұған дейін полиэтиленмен қапталып шығатын еді. Ал бұдан кейін насыбай отандық ұлттық өнім ретінде бастапқы кезде елімізде, ал кейін келе «насвай» бренд белгісі ретінде шығады дейді компания өкілі.
Алайда бұл отандық өнімнің зиянды қоспалары алынып тасталмақ екен. Себебі Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі 2012 жылы Мәскеуде өткен «Табак өнімдері» техникалық регламенті жиынында насыбайға (иіскейтін, шайнайтын және басқа да түрлеріне), оның қолданылуына және сатылымға шығуына тосқауыл қойған еді.
Насыбай – Қытайда, Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түркменстанда, Ауғанстанда ертеден қолданылып келеді. Тарихқа үңілсек, оның таратушылары ортаазиялық сығандар екен.
Жолдаған: Құрбанқұл Қалмақ
Сурет: vesti.kz