Бисо есімді мысық Каирдегі метролардың бірінің қабырғасында бес жыл бойы өмір сүріп келген, - деп жазады Tengrinews.kz сайты Сairo Post басылымына сілтеме жасап. Бисоның кішкентай кезінде оған үлкен мысықтар шабуыл жасайды. Қашып бара жатып ол қабырғадағы бір тесікке барып тығылады. Кейін ол жерден қайта шыға алмайды.
Басылымның мәліметінше, мысықтың дауысын кетіп бара жатқан Абдо есімді ер кісі естіген. Содан кейін ол мысықты тесік арқылы күнде тамақтандырып жүрген. Абдо метроға жақын жерде көзілдірік сатумен айналысқан екен. Ол Мысырда қиын күндер туып, дүкенін жауып тастаған кезде де мысықты қараусыз қалдырмаған. Осылай бес жыл уақыт өтеді. Египет заңына сай, метролардың қабырғасын бұзу - "мемлекеттің меншігіне қарсы диверсия" болып есептеледі. Сондықтан мысықты босатуға жануарларды қорғау жөніндегі арнайы орталықтары да қатысады. Осыдан кейін ғана оны қабырға арасынан шығаруға рұқсат етіледі.
Айта кетейік, қабырғаны бұзуға құтқарушылар 5 сағат жұмсаған. Оларды қабырға артында жанып тұрған екі жасыл көз қарсы алыпты.