- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Мұз астындағы мұғжиза...
Мұз астындағы мұғжиза
Біз таңертең Шығыс Антарктиданың Адели жағалауындағы француздардың Дюмон-д’Юрвиль ғылыми-зерттеу стансасынан жаяу шығып, күні кеше ғана жасап кеткен ойыққа келдік. Ойық бетіне жұқа мұз тұрған екен, біз ол мұзды ойып алдық. Қалыңдығы үш метр мұздақ арқылы жасалған ойыққа адам емін-еркін сияды. Ойықтың асты – теңіз.
Бұрын-соңды мұндай кішкентай кеңістік арқылы суға бойлап көрмеп едік, бірінші болып мен түстім. Қол, тізе, өкше мен ескекаяқтың ұшын ақырын-ақырын қимылдату арқылы ирелеңдеп жүріп ойықтан түстім, әйтеуір. Мұзды суға бойлап бара жатып артыма қарап едім, жүрегім дір ете қалды: ойық жабылып үлгерген екен.
Мұнда менен басқа режиссер Люк Жакенің шақыртуымен келген Винсент Мунье атты фотограф та бар. Олар 2005 жылы әлемді шу еткізген «Пингвиндер шеруі» фильмінің сиквелін жасап жатты. Жаке император пингвиндерін – таспаға, Мунье суретке түсіріп жатқанда, біз мұз астындағы теңіз тіршілігімен әуре болдық. Қыста мұз құрсауы теңізден 100 шақырым қашықтыққа дейін ұзарады. Біз келген уақыт 2015 жылдың қазан айы – көктемнің басы еді. Біз мұз жарылып, кейін шегінгенге дейін, 36 күннің ішінде 70 метр тереңдікке дейін бойлап жұмыс істеуге тиіспіз.
Біз бұл саяхатқа Францияда екі жыл дайындалдық. Қабырғада ілініп тұрған Адели жағалауының картасынан мен Дюмон-д’Юрвильден 10 шақырымнан әріге бармайтын, тереңдігі әртүрлі бірнеше суға түсетін жерлерді белгілеп қойдым. Киім тігушілермен су костюмінің кем-кетік тұстарын талқыладық. Қанша айтқанмен судың температурасы Цельсий бойынша –1,8-ге дейін төмендейді (тұзды су тұщы су қататын температурада қатпайды). Су костюмдері құрғақ болмаса, адам 10 минуттың ішінде-ақ жан тапсырады. Ал киім-кешек пен құрал-жабдығың сенімді болса, бес сағатқа дейін жұмыс істеуге болады.
Мұздай суға түскенге дейін біздің әрқайсысымызда 90 кило жүк болады. Қозғалудың өзі – күш, ал жүзу мүлде мүмкін емес дүние. Суық бетіміздің ашық қалған тұстарын бірден жансыздандырып, су астына түсіп болғанша киім мен қолғап арқылы өтіп, жаныңды көзіңе көрсетеді. Ақыр соңында көтерілер сәт алдында тыныс алып тұрған біз сай-сүйегімізді сырқыратқан суықты сәл де болса ұмыттырар алданыш іздеп кетеміз.
Мықшың-мықшың етіп мұзды мұхиттың үстіне шыққанан кейін мен аяқ-қолымды созып мұз үстіне жата кетем. Ми ол кезде киім шешуді ойлауға қауқарсыз. Денем әбден тоңған, өне-бойым дел-сал. Еріндерім, қолым мен аяғым ісініп, жансызданып қалған. Оның қиындығы сондай, денем жылығанша, аяқ-қолым мұз боп тұра берсе екен дейсің. Арада төрт апта өткеннен кейін мен тіпті денем жылығаннан кейін де башпайларымды сезбейтін болдым. Зақымданған жүйкемнің қайта орнына келуі үшін жеті ай уақыт кетті.
Осынша жанкештілік танытуға не себеп сонда? Әлбетте, ол – кез келген фотографты таң-тамаша ететін көрініс. Көктемнің бастапқы кезінде, ұзаққа созылған поляр түндерінен кейін ұсақ планктон әлі де болса «гүлдеп» үлгермейді, сол себепті де су тұнық болады. Жарықты көлегейлейтін заттардың мейлінше аз болуына байланысты мұз қабатының асты бұл кезде мөп-мөлдір күйге енеді.
Бұл көріністі айтып жеткізу мүмкін емес! Итбалық, пингвин мен құстың санаулы түрі болмаса, Шығыс Антарктидада жер бетін мекендейтін сүтқоректілер атымен жоқ. Сіз теңіз табанында да шөл даладай ештеңе жоқ деп ойларсыз. Ал іс жүзінде ол – қадым замандардан бері жайқалып тұрған нағыз иран-бақ.
Костюмдерді киюге бір сағат уақыт кетеді. Мұздай суға түскен кезде біздің әрқайсысымызда 90 кило жүк болады.
Антарктиданың теңіз әлемі құрлықтар бір-бірінен ажырап, мұз құрсауына іліккен сонау бір замандардан бері оқшауланып қалған. Содан бері Антарктиданы айнала, батыстан шығысқа жөңкілген аса қуатты Антарктида айналаполярлы ағысы су температурасына айтарлықтай өзгеріс енгізіп, су жануарларының көбеюіне кедергі келтірді. Оқшау өмір, есесіне, осы аймаққа бейімделген сан мыңдаған түрдің су астында тіршілік етуіне жағдай туғызды.
ЖОҒАРЫДА СОЛ ЖАҚТАН САҒАТ ТІЛІМЕН: ADAMUSSIUM COLBESCI; GLYPTONOTUS ANTARCTICUS; COLOSSENDEIS MEGALONYX; MACROPTYCHASTER SP., PARBORLASIA CORRUGATUS ПЕН FLABELLIGERA SP., HOMAXINELLA BALFOURENSIS
Бізге рұқсат етілген ең төменгі шек – 70 метр тереңдікте не жоқ дейсіз, шіркін! Түрлі-түсті әрі молынан кездесетін қорқынышты горгонарий, молюскалар, нәзік маржандар, губкалар мен ұсақ балықтар тропикалық маржанды кедертастарды еріксіз көз алдыңа әкеледі. Бір орнында қатып қалған омыртқасыздардың үлкендігін айтсаңызшы! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, енді осылар климаттағы өзгерістерге қарсы тұра ала ма?
Біз жоғарыға көтерілген сайын биотүрлілік те азая береді. Тайыздау сулардың қоршаған орта жағдайы аса тұрақты емес: жүзіп жүрген айсбергтер мен мұз бөлшектері теңіз табанын тазалап отырса, тұщы суды біресе бар, біресе жоқ ететін маусымдық судың қатуы мен еруі судың тұздылығына айтарлықтай ауытқушылық тудырады.
Суық теріміздің ашық қалған тұстарын үсітіп, киімімізден өтіп кетті. Менің зақымданған жүйкемнің қайта қалпына келуіне жеті ай уақыт қажет.
Тағы бірде суықтан әбден ығыр болған маған Жантил мұздан салбырап тұрған ұсақ, жап-жарық анемоналар шоғырын нұсқады. Тас тұрпатты мұзға бірнеше сантиметр бойлап өскен олардың қармауыштары күнге шағылысып, ағыста желбіреп көздің жауын алады. Мен қаншама зерттеу жұмысына қатыссам да, мұндай тіршілік иелерінің бар екенін естіген де, оқыған да емеспін. Сөз жоқ, естен тандырарлық көрініс.
Антарктида мұзының астындағы су Эверест тауы іспетті: таңғажайып әрі қатерлі. Оған бармас бұрын адамның дұрыстап ойлануы қажет. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Жай ғана құмарлық деген жүрмейді ол жерге. Талап өте күшті. Ол жерде көрген көрініске жетер дүние жоқ. Оған бару, оны суретке түсіріп алу өмірі естен кетпес естелік болып қалары сөзсіз. Себебі біз судың қыр-сырына 36 күннен кейін ғана қаныға бастағандай болдық.
Францияға қайтып оралғаннан кейін Дюмон-д’Юрвиль картасына қарап отырып соны қиялдаумен болдым. Айтыңызшы, осынау Жер бетінде, біздің ғасырымызда адам баласы жападан-жалғыз қала алатын жер бар ма өзі? Бұрын-соңды ешкім көрмеген дүниені қайдан көруге болады? Карта бетінен мен Дюмон-д’Юрвильден 11 шақырым қашықта орналасқан шап-шағын арал – Норсел мүйісіне белгі қойып қойдым.
Біздің тікұшақ төбесінен ұшып өткен кезде, ашық теңізде орналасқан Норсел 180 метр суға дендей енген жақпар тастың ұшы бейнесінде көрінді.
Жаз маусымы басталар шақ. Қатты аяз жоқ, жанға жайлы бір күн еді. Десе де, судың температурасы әлі де – 1.8С суық еді. Дәрігер Бланш хронометрді іске қосып, бізге тура 3 сағат 40 минут уақыт берді. Біз тағы бір бейтаныс әлеммен танысу үшін тереңді бойлап кете бардық.
Автор және фото: Лоран Баллеста
Дереккөз: nationalgeographic.kz
Е. Жұмабайұлы