- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Моңғолияда ежелгі түркі...
Моңғолияда ежелгі түркі мүсіндері табылды
Халықаралық түркі академиясының (TWESCO) бастамасымен, Моңғолиядағы «Шивээт улаан» ежелгі түркі салттық кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жоба Моңғолия ғылым академиясы тарих және археология институтымен бірігіп жүзеге асырылуда, деп хабарлады академия.
ТWESCO басшысы Дархан Қыдырәлінің жетекшілігіндегі жоба аясында, маусым айында басталған қазба жұмыстарын танымал моңғол археологы Д.Цэвэндорж және қазақстандық ғалым-түркітанушы Н.Бәзілханов жүргізуде. Қазір кешеннің басты алаңындағы «Мәңгі тас» тас ескерткішінің орны және кешеннің екі табалдырығына қазба жүргізілді. Археологтар ежелгі түркілердің тас мүсіндерін тапты. Одан бөлек, кешен іргетасының құрылымы, қалыбы және көлемі анықталды.
Осы және басқа қазба жаңалықтары жайлы 24 тамыз күні өтетін «Ұлы дала көшпенділері: тарихи-мәдени үндестік» ІІ түркі-моңғол археологиялық дала семинарында толық айтылады. Бұл дала семинары «Тянь-Шаньнан Отікенге дейін: ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени құндылықтары» халықаралық экспедициясы аясында ұйымдастырылады, оған Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркиядан ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысады.
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы