- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Мия саудалағандар шектен...
Мия саудалағандар шектен шығып шекара асырып жүр
Қазақтың шексіз, шетсіз созылып жатқан сайын даласында 6 мыңнан астам өсімдік түрлері өседі. Осы көрсеткішпен біздің ел ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. 6 мың өсімдіктің 500 түрі дәрілік өсімдіктерге тиесілі. Бұл 500-дің маңызы өте жоғары, кез келген жерде өсе бермейтін талғампаз өсімдіктер.
Дәрілік өсімдіктер медицинада және мал дәрігерлігінде ауруды емдеу және оның алдын алу мақсатында қолданылады. Емдік қасиетке ие өсімдіктің бұл түрі көбіне жабайы өседі. Олар халық медицинасында кеңінен қолданылып, көбіне кептірілген шөп, тұнба, шай, қайнатынды, ұнтақ түрінде пайдаланылады.
Қазақтың кез келген даласында, әсіресе Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында емдік қасиеті мол мия дәрілік өсімдігі қаптап өседі. Қазақстанның аумағында дәл осы бұршақ тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктің 5 түрі бар. Оның ішінде қызылмия қазақтың кең даласында кеңінен танылған.
Өсімдіктің тамыры бүгінде косметология саласында үлкен сұранысқа ие. Ол тері дақтарын кетіруге қолданылады және терінің қартаюының алдын алады. Атаулы саланы игеруде көш басында тұрған Оңтүстік Корея елі өз өнімдерінің барлығына мияның тамырын міндетті түрде араластырады. Үлкен сұранысқа ие өсімдікті кәрістер бүгінде жасанды жолмен өсіруге көшкен.
Өсімдіктің ерекше түрі өнеркәсіпте түрлі химиялық қосындылардың иісін кетіру үшін пайдаланылып келеді. Мия тамырының бір ерекшелігі, ол қанттан 50 есе тәтті екен. Сол себепті де, қант диабетіне шалдыққан науқастар бұл алтын тамырға сұраныс тудырады. Осыған байланысты, әлем халықтары мияның бұл қасиетін ертеректе байқаған. Емдік қасиеті мол өсімдікті Моңғолия мен Грекияда «тәтті тамыр», Қытайда «тәтті шөп» деп атайды. Сонымен қатар, қытайлықтар оның дәрілік өсімдік екенін осыдан 3000 жыл бұрын анықтап, 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға пайдаланған. Кейіннен Жапония, Үндістан, Грекия елінің медицинасында да кеңінен қолданылыпты. Грек дәрігері Гиппократ өз еңбектерінің бірінде дәл осы өсімдіктің дәрілік қасиеттері жайлы бірнеше жазба қалдырған.
Қазақ даласында жайқалған мияның тамырына деген сұраныс, талас 2008 жылдан басталды. Дәл осы жылы шөптен дәрі жасаудан алдына жан салмайтын Аспан асты елі шикізаттың тапшылығына байланысты өзге елден осы шөпті тасымалдау үшін кішігірім заң қабылдады. Енді бұл тауарды шекарадан баж салығынсыз тасымалдауға мүмкіндік туғаннан кейін, Моңғолия, Қазақстан сияқты дәрілік өсімдіктерге бай өлкелерге қытайлықтар ағылып келе бастады. Қызылмияның тамыры қып-қызыл ақша деген хабарды естіген жергілікті халықтың арасынан да осы бір шөптің тасымалын кәсіп қылғысы келген ағайындар пайда бола бастады. Сөйтіп, осыған дейін шаруашылыққа, жайылымға пайдаланылған біраз жердің астан-кестеңі шығып, қопарылды. Бұл әрекет заңға қайшы деген ескерту берілсе де, қара бизнестің құмарына кірген кей алып-сатарлар өз істерінен бас тартпады. Осы кәсіпке байланысты елімізде жыл сайын 15-20 заңбұзушылық оқиғалары орын алады.
Қызылмияны Қызыл кітапқа тіркелген өсімдіктер қатарынан көргіміз келмейді. Әр нәрсенің шегі бар. Табиғаттың тартуын талан-таражға салып, шектен шығып шекара асырғанымыз азаматтығымызға сын. Оның пайдасы өзге елдің емес, отандық фармацевтиканың еншісіне тиесілі болу керек.
А. Қажиев