Ғалымдар Curiosity аппаратынан алған деректерден Марстағы Гейл кратерінде ежелгі заманда тұзды көлдің болғанын анықтаған.
Саттон аралы деп аталатын аймақта судың шөгінді жыныстары жиналған. Ғалымдар осы бір жерден лай жарықтары мен минералды тұздарды тапқан.
Марстағы Саттон аралы алғаш рет 2017 жылы суретке түсірілген. Екі жыл бойы жүргізілген зерттеу нәтижесінде ғалымдар мынадай қорытындыға келген: лай жарықтары бұрын болған тұзды көлдің кеуіп кетуінен пайда болды. Бұл процесс бірнеше мәрте қайталанған.
Көлдің тұздылығы соншалық ғалымдар оған тұздық деген атау берген. Ал ресми атауы - "Кәрі мәскүнем" (Old Soaker). Ғалымдардың зерттеуінше, осыдан 3,5 миллиард жыл бұрын Саттон аралы қазіргі Оңтүстік Америкадағы Альтиплано үстіртіне ұқсас болған.
Гейл — Марстағы диаметрі 150 шақырым болатын үлкен кратер. Ол Марстың экваторына жақын жерде орналасқан. Астрономдардың пікірінше, кратер осыдан 3,5–3,8 миллиард жыл бұрын үлкен астероидтың құлауынан пайда болған. Бұл кездері Марста су болғандықтан уақыт өте келе кратерді су басып қалған.
Curiosity аппараты Марсқа 2011 жылдың 26 қарашасында Atlas V 541 зымыранымен ұшырылды. Робот Қызыл планетаға 2012 жылдың 6 тамызында қонған еді. Қазір Марста Curiosity-ден бөлек Opportunity деп аталатын ровер жұмыс істеп жатыр. Осыдан 6 жыл бұрын да дәл осы аппарат Марстың бетінен су іздерін тапқан болатын. Ғалымдар Марстың бетіндегі топырақтың әр келісінің 2%-ына дейін су болады деген батыл тұжырымға келген.