Қызыл ғаламшар ежелден адам баласын қызықтыратын. Астрономдар әлі күнге дейін Марста бұрын тіршілік болғанын дәлелдеумен келеді. Оған мысал ретінде кәдімгі макаронға ұқсас бактерияларды келтіреді.
Аз оттегі мен ультракүлгін сәуле көп жерді экстремофил бактериялары ұнатады. Дәл Марстың климатына үйреніскен бұл тіршілік иесі Жерде бар. Атап айтқанда АҚШ-тың Вайоминг штатындағы Йеллоустон ұлттық қорығынан кездестіруге болады. Sulfurihydrogenibium yellowstonense деген ғылыми атау алған бактерия Йеллоустондағы жанартауда, үңгірлерде, шарын мен гейзердегі ыстық күкіртті қайнарларда мекендейді.
Оған қоса бұл бактериялар қайнаған суда өздерін жақсы сезінеді. Қайнап тұрған суда микробтар бір-бірімен жабысып, одан да мығым тізбек түзеді. Олар өзара тіркесу үшін шырыш тәрізді арнайы жабысқақ затты қолданады. Нәтижесінде Италияның жіңішке макаронына ұқсас тізбек құрады.
Ерекше тіршілік иелері Жер бетіндегі оттегіден бұрын пайда болған. Бұл шамамен екі миллиард жыл бұрын. Астробиологтардың жорамалы бойынша, Марста экстремофил бактерияларына ұқсас тіршілік иелері мекен етуі мүмкін. Өйткені бұл бактериялардың ұнататын өмір сүру ортасы нағыз Марсқа арналғандай. Оның үстіне бұған дейін Қызыл ғаламшарда осыған ұқсас заттар табылған. Төмендегі суреттерді қарап, салыстырып көріңіз.
Біздің Жерде мұндай заттар өздігінен пайда болмайды, оларды цианобактериялар түзеді. Фотосинтездің нәтижесінде олар органикалық емес заттардан органикалық затты түзу барысында өздеріне карбонды жинайды. Артынша төмендегідей строматолиттер пайда болады. Бұл өзі жеке экожүйе.