Біреулер бұл планета Юпитердің тартылыс күшіне шыдамай күл-талқаны шыққан дейді, ал енді біреулер ғаламшардың мүлдем болмағанына сенімді.
Жақында ғарыш зымыранын құрастырушы Хидэо Итокаваның құрметіне аталған астероидты зерттеу барысында бұл оқиға әлемдік БАҚ-тың бірінші беттеріне шықты. Итокава астероидының құрамынан су табылған. Ал бұл аспан денесі осыдан миллиондаған жылдар бұрын Марс пен Юпитердің арасын "мекендеген" деген болжам бар. Сондай-ақ ғалымдар сол кезде бұл аймақта өзен-мұхиты бар планетада келімсектер тіршілік еткені, уақыт өте жойылып кеткені туралы гипотеза жасады.
Тарихқа келер болсақ Марс пен Юпитер арасындағы ғаламшар туралы аңыз жоқ жерден пайда болған жоқ. XVIII ғасырда жүз жастағы неміс физигі Иоганн Даниэль Тициус Күн жүйесіндегі планеталар бейберекет орналаспағанын, белгілі бір реттілігі бар екенін айтқан. Әр ғаламшар өзінен бұрынғыларға қарағанда Меркурийден екі есе алыс орналасқан. Бұл есепті тағы бір неміс ғалымы Иоганн Элерт Боде қолданған. Сол себепті бұл қағида Тициус — Боде ережесі деп аталады.
Ғылымның дамуымен бізге белгілі планеталардың орбиталарының ара қашықтығын астрономиялық әдіспен есептегенде Тициус — Боде қағидасы расталды. Тек Нептун ғана бұл қағидаға бағынбайды, оның орнында Плутон айналып жүр.
Енді жұмбақ: Тициус — Боде формуласы бойынша Марс пен Юпитердің арасында тағы бір планета болуы қажет. Ал ол жоқ. Бірақ оның орнында бос жер деп ойлап қалмаңыз. Ол бос кеңістікті ірі тастар - астероидтардың басты жолағы "мекендейді". Арасындағы ең ірісі - диаметрі 950 шақырымды құрайтын Церера есепті астероид. 50 шақырым болатын Паллада, Веста секілді тастар бар. Одан бөлек жан-жаққа шашырай орналасқан кішкентай тастардың саны шексіз. Осылардың бәрін жинақтаса, Айдың салмағының 4% шығады.
XIX ғасырдың басында неміс Генрих Ольберс Палладаны ашқан сәтте оны ғаламшардың қалдығы деп санаған.
Ал заманауи астромония бұл пікірді жоққа шығарады. Өйткені Юпитердің тартылыс күшінің мықтылығы соншалық Күн жүйесінің бұл аймағында ешқандай ғаламшардың пайда болуына мүмкіндік бермейді.
Дегенмен бұл кеңістікте бұрын-соңды естімеген планетаның болғаны туралы болжам бар, яғни бағзы заманда біздің жұлдыздың айналасында проплид (планетааралық) дискісі болған. Бұл жұлдызаралық тозаң жиналғанымен екі жағындағы Марс пен Юпитердің салдарынан ғаламшарға айналу мүмкін болмаған.