Түріктердің мақтан тұтатын қаласы Анталияда туристер қауымына кең танымал шипажайлар жетерлік. Әсіресе, олардың ішінде Чирали аталатын ауданның орны ерекше. Шағын ғана елді мекен Кемерден 20 шақырым жерде, яғни, Жерорта теңізінің жағасында жатыр. Өлке несімен ерекше дейсіз бе? Мұндағы таулардан, жартастардың астынан адам нанғысыз от көздері шығады. Табиғаттың бұл кереметін "Химера оттары" деп атайды.
Жартастың бір жағында 10-нан астам от жанып жатыр. От арқылы тау жыныстары метан бөліп шығарады. Бұл – ғаламшарымыздағы метан шығаратын ең үлкен орын. Жүздеген жылдар бойы теңізшілер отты бағыт-бағдар құралы ретінде пайдаланса, бүгінде туристер отқа шәй қайнатуды әдетке айналдырған. Химераның мәңгілік оттарының жанып жатқанына 2500 жыл уақыт болған. Түріктер отты кейде Янарташ (Yanartas) деп те атайды.
Оттың басталуы Химера туралы аңызбен байланысты. Ол от құсатын мифтік образ, арыстан басты, ешкі денелі, айдаһар құйрықты келеді. Химера оттарының көлемі 5000 шаршы метр және олар ылғи да метан және азот газдары арқылы жанып тұрады.
Чирали ауданының түріктерінен мынадай қызықты әңгімені естуге болады: "Егер Түркияда жанармай таусылатын болса, бізді газға бай тау кендері құтқарады". Әрине, бұл тұрғындардың қалжыңы ғана...
Қазіргі таңда 2500 жылдан бері өшпей келген оттардың жағдайы мәз емес. Себебі, түрік бизнесмендері бұл аймаққа демалыс орындарын, қонақ үй кешендерін тұрғыза бастады. Тек соңғы жылдары ғана қатаң тиым салынып, аймақ мемлекет қорғауына алынуда.
Чирали ауданы өшпейтін оттарымен ғана емес, апельсин алқаптарымен, лимон ағаштарымен, банан пальмаларымен кең танымал. Сондай-ақ, ақ тауыстарды, мысыр тауығын, балапанын ерткен тауықтарды, қораздарды көптеп ұшырастыруға болады. Дегенмен, Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан ауылда ешбір жерде қайталанбайтын тыныштық пен салқын самал бар.
Мәңгілік алаудың сарқырамасы туралы мына жерден оқи аласыздар
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com