Boeing-777 ұшағының дерексіз кеткеніне 10 күн болды. Осыған дейін ресми Малай билігі жоғалған ұшақты іздеуге әлемнің 25 мемлекетін қатыстырған еді.
Малайзия қорғаныс министрлігінің Boeing-777 ұшағының жоғалуына байланысты ең соңғы мәліметі бойынша ұшақтың жоғалуына екі ұшқыштың кемінде біреуінің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасалынып отыр. Министрліктің мәліметінше, ұшақ жер бетімен ең соңғы рет байланысқа шығудан бұрын ұшақтың хабарласу жүйесінің мекенжайы мен мәлімет жүйесі жабылып қалған.
Малайзияның әуе бақылау-меңгеру мекемесі ұшақты бақылау қызметін Вьетнамға тапсырып берер сәтте дерексіз кеткен ұшақтан жалғанған телефонда: «Жарайды, осылай болсын! Қайырлы кеш!» деген дауыстар естілген. Соңынан ұшақтың байланысу жүйесі жабылып қалған. Алайда, қазірге дейін осы телефонды кімнің бергені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Наурыздың 18-і күні жоғалған ұшақты іздеу Үнді мұхитының оңтүстік және солтүстік аумақтарына қарай ойысты.
Осыған дейін ұшақ радар экранынан көрінбей кеткен соң да жеті сағат бойы оның деректері спутниктерде тіркелгені туралы ақпаратты Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак растаған-ды.
Естеріңізге сала кетейік, 8 наурызда Куала-Лумпурден Пекинге ұшып шыққан, бортында 239 адам болған Boeing-777 жолаушылар ұшағы ешқандай шырғалаң, бағыт ауыстыру туралы ақпарат және т.б кедергілер болғаны жайлы хабар берместен жоғалып кеткен болатын.
Жоғалған ұшақты іздеуге жұмылдырылған 25 мемлекеттің ішінде Қазақстан да бар. Малайзия ішкі істері бұған дейін ұшақ ұрланды деп болжам жасаған болатын. Таяуда ел премьер-министрі Наджиб Разак Malaysia Airlines-қа тиесілі ұшақ Орта Азия, соның ішінде Қазақстан жаққа кетуі мүмкін деген жорамал айтты.
Суретте Малайзия халықаралық Куала-Лумпур әуежайының маңындағы қонақүйде Малайзия мемлекет қорғаныс министрі және қатынас министрі баспасөз конференциясында дерексіз кеткен ұшақтың ұшу бағыты мүмкін болған Үнді мұхитының солтүстігі мен оңтүстік аймақтардың жасанды жер серігі арқылы түсірілген картасын көрсетуде.
Айта кетерлік тағы бір жайт, бірнеше күн бұрын Малайзия қатынас министрлігі баспасөз конференциясында ұшаққа жалған құжатпен төрт адамның мінгені жайлы мәлімет берген еді.
Автор: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: voanews.com