Атақты «Макдональдс» жылдам тамақтану желісінің тұрақты тұтынушысы гамбургердің қасына жалғыз ғана майлық қағазын (салфетка) бергені үшін аталған мейрамханамен соттасып, одан 1,5 миллион доллар көлемінде моральдық өтемақы талап етіп отыр.
Вебстер Лукас атты азаматтың пікірінше, осы болған жағдайдың кесірінен ол «ауыр психологиялық соққы» алып, қазіргі кезде жұмыс жасауға шамасы келмей үйінде жатыр екен. Даудың сотқа жетуіне Лукас пен «Макдональдс» мейрамханасының Калифорния штатында орналасқан бір бөлімшесінің менеджері арасында 29 қаңтар күні орын алған жағдай себеп болған.
Жанжал әлгі тұтынушының сатушыдан бургермен бірге тек жалғыз ғана майлық қағазын алғаннан кейін басталған екен. Сондай-ақ афроамерикалық болып саналатын Вебстер Лукастың айтуынша, ол сатушыға «тағы да бір майлық қағазын беруді» сұрап келгенде, оның тарапынан нәсілшілдік мазмұндағы сөздер естіген. Осыдан кейін ол мейрамхана менеджерінің үстінен сотқа шағым түсірген көрінеді.
«Мен қазіргі кезде сіздің мейрамхана қызметкеріңіздің өзіме айтқан адам айтса сеңгісіз ауыр сөзінен кейін жұмыс жасаудан да қалдым. Мен одан бар болғаны бір дана майлық қағазы мен оның тегінің қалай дұрыс жазылатынын ғана сұраған едім»,-делінген хатта.
Mail Online хабарлағандай, әзірше «Макдональдс» мейрамханасының ресми өкілдері болған жағдайға байланысты ешбір түсініктеме бермеген.
Жалпы АҚШ елі адам ақылымен түсініп болмайтын заңдарымен қоса, оның азаматтарының кейбір жағдайларда сотқа «қисынсыз арыз» түсіру фактілерімен де танымал. Аталған мемлекеттің сот жүйесінде қаралған осындай талап-шағымдардың кейбіреулерін назарларыңызға ұсына кетейік.
Флорида штатында көлігіне мас күйінде отырып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен бір жүргізушіге сот "абайсызда кісі өлтірді" деп айып таққанымен, кейін ол сотқа марқұм болған адамға қарсы шағым түсірген екен. Мичиган штатының азаматшысынан жергілікті билік соттың шешімімен оның көлігін алып қояды. Ал ол әйелдің көлігінің багында соттың ешқандай құжатында жазылмаған бензин қалып қойған екен. Кейін соны есіне түсірген оның иесі жергілікті билікті «бензин ұрлады» деп айыптап, олардан 5 миллион доллар өтемақы талап етіп сотқа арызданады. Сөйтсек, мұндай мазмұндағы шағымдарды тек америкалық азаматтардың ересектері ғана емес, жасөспірімдері де береді екен. Оған дәлел – келесі мысал. 13 жасар әуесқой бейсбол ойыншысының добы матч кезінде стадионда отырған бір көрерменге байқаусызда тиіп кетіп, нәтижесінде әлгі бала зардап шеккен көрерменге «мұқият болмадың» деп сотқа шағым түсірген. Түрмеге тек аузында бес тісімен ғана түскен жазасын өтеуші түзеу мекемесінің үстінен түсінің түгел болмағанына байланысты арыз түсірген. Бір әйел адам барда отырған жерінде төбелес басталып, басынан біреу бөтелкемен ұрып кетеді. Зардап шеккен әйел бар әкімшілігінен қалай ақша өндіріп алуға болатынын ойлап көп уақытын жұмсамапты. Ақырында, ол көңіл көтеру орнын «суық қару сақтады» деп айыптаған көрінеді. «Ақылға қонымды» емес пе? Бөтелке – қару. Ал ол тоңазытқышта сақталған болса – суық қаруға айналып шыға келеді. Ұлттық футбол лигасының бір топ фанаттары Dallas Cowboys клубынан стадиондағы тым ыстық орындықтар үшін ақша өндіріп алмақ болған. (Клуб басшылығы «орындықтарды қыздырып тұрған Күннен неге өндіріп алмады екен» деп әзілдеген болар,-автор). Колорадо штатының тұрғыны сотты «попкорнды қысқа толқынды пеште дайындау кезінде тағамнан бөлінген будан ауруым асқынып кетті» деп сендіріп, попкорн дайындаумен айналысатын мекемеден 7 миллион доллар өндіріп алған. Келесі оқиға да осыған ұқсас. Санта-Моника тұрғыны қала билігінің үстінен өзі тұратын үйдің қасынан wi-fi саябағын ашқаны үшін арыз түсіріп, соттың шешімімен 1,7 миллиард доллар өндіріп алмақшы. Басты себебі – «wi-fi сигналдарының салдарынан» әлгі тұрғынның құлағы керең болып қалыпты.Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: morsnews.ru