Магнитті өріс қашан пайда болды?

Магнитті өріс қашан пайда болды?
Фото: Depositphotos

Жер пайда болған 4,5 миллиард жылда оның тұрғындары екі қауіпті кезеңді бастан өткерді. Алайда екі жағдайда да Жердің магнитті өрісі өркениеттің жойылып кетпеуіне себеп болды. 

Күн – әлемдегі беймаза жұлдыздардың бірі. Күннің желі арқылы Жерге әрбір секунд сайын қауіпті заттар келеді. Марстың "қызыл ғаламшарға" айналуына дәл осы Күн тікелей әсер еткен. Бұрын Марс суы, атмосферасы бар, тіршілік етуге қолайлы планета болған деседі. Алайда ол магнитті өрістен айырылған соң Күн оны "өртеп" жіберген.

PNAS журналының зерттеуіне сәйкес, Жердің магнитті өрісі ерте пайда болған көрінеді. Бұған дейін магнитті өріс осыдан 3,5 миллиард жыл бұрын түзілді деп саналған. Алайда 2015 жылы Рочестер университетінің профессоры Джон Тардуно бастаған бір топ ғалым магнитті өріс Жер "өмірге келген" соң 300 миллион жылдан кейін пайда болғанын дәлелдеді.

Алғашқы кезеңде магнитті өріс қазіргіге қарағанда едәуір қуатты болған. Өйткені оған жас әрі күйгелек Күнмен күресуге тура келді. Жердегі ең ежелгі заттардың бірі цирконды зерттеу кезінде магнитті өрістің кем дегенде 4,1 миллиард жыл бұрын пайда болғаны және оның әлдеқайда қуатты болғаны анықталған.

Осындай маңызы бар құбылыс екі мәрте Жердегі тіршілік атаулының жойылуына мүмкіндік бермеген. Хадей және Эдиакр кезеңінде Жердің ядросы үлкейе бастаған, сол сәтте магнитті өріс жоғалып кете жаздаған. Алайда магнитті өріс бар қиындықтан аман-есен өтіп, Жердегі тіршіліктің жойылып кетпеуіне сеп болған. 

 
А. Рысдәулет