Сан ғасырлық тарихы бар Қытай елі көне мұраға бай екендігі жасырын емес. Соның бірі – лотос аяғы. Бұл үрдіс ежелгі уақыттарда қатты белең алған. Қыз баласы дүниеге келгеннен кейін 3-5 жасында екі аяғын дәкемен орап, қымтап тастайтын болған. Соның нәтижесінде аяқ сүйегінің формасы өзгеріп, аяқ киім өлшемі 5-15 см-ге дейін ғана жететін болған. Ханзулар елінде ежелден ер азаматтар ең алдымен бойжеткендердің аяғына қарайды екен. Оның ұзындығы сұлулардың қандай таптан екендігін бірден байқатып тұрған. Таңның атысынан, кештің батысына дейін қолынан құрал тастамайтын отбасылар да қызының жақсы жерге барғанын қалап ырымдап, дәкемен байлап өсірген.
Мұндай ерекше формадағы аяққа арнайы аяқ киім де тігілген. Қытай оюларымен безендірілген бұл заттар көздің жауын алады. Сонымен қатар көлемі де едәуір кішкентай.
Бір алақанға сыйып кететін аяқ алғашында оғаш естілуі мүмкін. Алайда, Қытай тарихындағы сұлулар байдың жары болу үшін осындай үлкен қадамға барған. Сондай-ақ әрбір өңірдің де өзіндік стильдері мен формалары болған.
Бүгінгі таңда ханзулар мұндай әдісті пайдаланбайды. Жаһандану жолында үлкен күшпен қарыштап келе жатқан алып мемлекеттің қыз баласы мен ер баласы өз таңдаулары бойынша тұрмыс құрады. Бірақ бұл әдісті сақтап қалған өңірлер де әлі күнге дейін кездеседі.