Құрылыстың қарқынды өсуінің арқасында археологтар Еуропаның ең көне астаналарының бірі – Лондон тарихын тереңірек зерттеуге кірісті.
Лондон археология музейіндегі (ЛАМ) зертханада қызметкер Луиза Дюарт I ғасырға тиесілі үлкен фресканы аса ұқыптылықпен тазалап жатыр. Фреска мұнда осыдан бірнеше күн бұрын Лондон қаржылық орталығының Лайм көшесіндегі құрылыстан әкелінген. 38 қабаттық жаңа кеңсенің іргетасын қазу барысында жұмысшылар ежелгі римдік ғимараттың қираған үйінділерін тапқан. Музей мамандарының айтуынша, олар б.з. 60-жылдарына тиесілі әрі Лондонда табылған римдік фрескалардың ең ежелгілерінің бірі болып саналады. Шамамен ұзындығы – 3 метр, биіктігі 2 метр болатын бұл алып фреска бастапқы қалпын толықтай сақтап қалған.
Дюарт мастихинмен фреска бетіндегі ылғал топырақ қатпарларын тазалай отырып, ғимарат қабырғасындағы бұл суретті салуға тапсырыс берген адамның өте бай, не саудагер, не банкир болуы мүмкін екенін айтады.
Археологтардың пікірінше, бұл фреска ғимаратты безендіру үшін қолданылған. Ал ғимарат шамамен б.з. 99-100 жылдарында римдіктер Альпі тауынан солтүстікке қарай қазіргі әулие Павел соборынан да үлкен жаңа базилика мен алаң құрылысын салу үшін қиратқан еді. Ол тұста бүкіл елдімекен жермен-жексен етіліп, үйінділер тегістеліп, жаңа ғимараттар салынатын болған. Сондықтан да, бұл– ХХІ ғасырға дейінгі көптеген қалалық жаңарту жобаларының алғашқысы.
Лондон секілді көне шаһардың жаяу жүргіншілер жолын қопарып, іздеп, зерттесе түрлі жәдігерлерді, сонау I ғасырдағы рим фрескаларынан бастап ортағасырлық конькилерге дейін, тіпті піл тістерін де табуға болатын еді. Еуропадағы ең ежелгі астаналардың бірі – Лондон кезінде римдіктер, саксондар, нормандиялықтар, тюдорлар, георгийлер, регенттік заманындағы ақсүйектер мен викториандықтар бірінен кейін бірі мекен еткен жердің үстіне салынған. Сондықтан да олардың әрқайсысынан археологиялық құндылықтар қалып отырған. Соның нәтижесінен болар, қазіргі Лондон биіктігі 9 метр қатпарлы археологиялық торттың ең үстіңгі қабатында тұрғандай елестейді.
Милионнан астам халқы, зәулім ғимараттары мен шулы көшелері бар Лондонның қойнауында тарихи ескерткіштердің қатталып жатуы археологтарға үлкен қиындық туғызады. Яғни, алып шаһардың жер астына терең бойлап, толық қазып зерттеуге мүмкіндік мүлдем жоқтың қасы. Алайда Лондондағы негізгі әрі маңызды инженерлік жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ қаланың археологиялық қазбаға бай аумағында құрылыстың белең алуы шаһардың жер астын қазып, ондағы жәдігерлерді біртіндеп зерттеуге зор мүмкіндік ашты.
Қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық заттар таңғаларлық. Олардың арасында сонау 11 000 жыл бұрынғы ерте мезолит дәуірінен бастап, кейінгі Виктория дәуірі, яғни ХІХ ғасырдың соңына таман Темза өзенінің жағасын мекен еткен халықтар тарихының миллионға жуық алуан түрлі ескерткіштері бар. Сонымен қатар табылған жәдігерлер арасында сан ғасырлар бұрын қайтыс болып, молаларда көміліп, ұмыт болған Лондонның мыңдаған қарапайым тұрғындарының сүйек қалдықтары да кездеседі.
ЛАМ-ның остеологы немесе адам сүйегі құрылысын зерттеуші маманы Дон Уолкер: «Археологиялық қазбалар лондондықтардың ғасырлар бойғы тіршілігінің қандай болғандығын білуге, оның тарихына тереңдеп енуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жәдігерлер Лондонның таусылмайтын тарихындағы біздің де өткінші ойыншы екендігімізді еске салатындай», – дейді.
Жердің беткі қабаты сүрілген кезде үйлері, қорғандары мен бақшалары сол қалпында ешбір өзгеріссіз сақталған көше табылды. Бұндай орынның б.з. 60-жылдардың басынан бері бүлінбей сақталуының өзі таңғаларлық жайт. Қазба жұмыстары кезінде 14 000-нан астам жәдігер табылған. Олардың арасында тиындар, тұмарлар, қалайы тәрелкелер, керамикалық шамдар, теріден жасалған 250 аяқ киім, 900 қораптан астам қыш ыдыс бар.
ЛАМ-ның қазба жұмыстарын басқарған археолог Сади Уотсон бір рет жүргізілген археологиялық қазба жұмысында осыншама ұсақ-түйек олжалардың табылуы бұрын-соңды болмағанын айтады. Ол сонымен бірге археологиялық заттар рим басқыншыларының билігіне өткен Лондонның сол кездегі күнделікті өміріне, күйбең тіршілігіне терең бойлап, толық түсінуге мүмкіндік беретінін де атап өтеді.
Тарих қойнауынан суырылған қазыналар арасында сирек кездесетін жазуға арналған 400-ге жуық ағаш тақтайшалар бар. Олардың кейбірінде хаттар, келісімшарттар және есеп-қисап құжаттарының мәтіндері сақталған. Осының бәрі римдіктердің Лондиниум атты қаласының орталығынан өтіп Темза өзеніне құйылатын, қазірде ұмыт болған Уолбрук өзені сағасының арқасында сақталынып қалды. Өзеннің сазды жағалаулары мен батпағы оған түскен заттардың еш өзгеріссіз қалуына септігін тигізген.
«Англия климатының ылғалын-ай», – деп күлді Уотсон. «Темза мен оған құйылатын сағалардың арқасында Лондон әр түрлі кезеңдердегі өзіне тиесілі жәдігерлерін сақтап қала алды. Тіпті тері, ағаш және темір секілді тез шіритін немесе тез тот басатын материалдан жасалған заттар да бәз баяғы қалпында сақталған», – дейді ол.
Лондонның археологиялық соңғы жетістігі 23 млрд АҚШ долларын құрайтын Кроссрейл жобасы болды. Жаңа Шығыс пен Батысты байланыстыратын жерасты темір жолдары Еуропаның ең ірі инженерлік жобасы ғана емес, ең ірі археологиялық қазбасына да айналып отыр. 2009 жылы құрылыс жұмысы басталғаннан бері, Кроссрейлдің 42 шақырым туннелінен және 40-тан астам құрылыс нысандарынан соңғы 70 000 жылды қамтитын мыңдаған ескерткіш пен жәдігер табылған.
Ең ауқымды және ең таңғаларлық қазба жұмыстары қым-қуыт Ливерпуль Стрит стансысының алдында 2015 жылдың көктемінде басталған болатын. Жер астында орналасатын билет кассасы залын салу жоспары бойынша қаладағы алғашқы муниципалды қорым – ескі Бедлам зиратын қазып өту көзделген еді. Осы жұмыс барысында негізінен ХVI-XVIІ ғғ. індеті – обадан қайтыс болған 3300 лондондықтың мүрдесін эксгумациялау керек болды.
Шіркеу аумақтары оба ауруынан көз жұмғандар моласына толып қалғандықтан, қала шенеуніктері сол тұста қоғамдық қабірстан тұрғызуды жөн көрген екен. Сондықтан да Вифлеем корольдық ауруханасының губернаторлары 1569 жылы «Бедлам» деп аталатын Еуропадағы ең алғашқы жындыхананың біріне қарасты бір акр (0,4 га) жерді шіркеуге сатқан. Бұл жер басқа ешбір шіркеумен байланысқа түспегендіктен, кейіннен сол маңдағы радикалдарды, нонконформистерді, мигранттарды, жолы болмаған жандарды, кедей жұмысшыларды көмуге арналған орынға айналды. Мәйіттердің шектен тыс жерленуінен зират 1738 жылдары жабылып қалған, кейбір зерттеулерге қарағанда онда 30 000-нан аса адам сүйегі жатыр.
Кроссрейлдің бас археологы Джей Карвердің тобы қазба жұмыстарын бастамай тұрып, бірнеше ай бойы зерттеулер жүргізген. Ол: «Бедлам – қаладағы ең ерекше зират. Мұнда қоғамның түрлі тобына қарасты адамдар, есі ауысқандар мен қылмыскерлерден бастап, сол кездегі Лондон әкімінің әйеліне дейін жерленген», – дейді.
Карвер екеуміз қазба жұмыстары жүріп жатқан алаңды платформа үстінен бақылап тұрмыз. Төмендегі шұңқырда үстілеріне сарғылт түсті комбинезон мен бастарына көк каска киген 30 археологтан құралған топ бас сүйектерді топырақтан тазалап жатыр. Қазып алынған сүйек қалдықтарының көбісі – 1665 жылы оба індетінің жаппай таралуынан қайтыс болған адамдардың сүйектері. Бұл індет етек алған тұста Лондонның жалпы халық саны 450 000 болса, обадан көз жұмғандар саны 75 000-нан 100 000-ға дейінгі аралықта болды.
Ғалымдар осыншама адамды жалмаған оба ауруы бактериясының таралу тарихын зерделеу мақсатында қалдықтарды зерттеуді де қолға алатын болады. «Ең қызық әрі ашылмаған құпияның бірі – оба ауруы 1665 жылдан кейін ешқашан Лондонға қайта келмеген. Сол уақытқа дейін індет қалада үздік-үздік орын алып тұрған болатын, алайда осыдан кейін сап тыйылған. Не себептен? Не өзгерді? Әлбетте, біз бұл сұрақтарға жауап табылады деген үміттеміз», – дейді Карвер.
«Қаңқа әдетте бізге адамның өмірден қалай өткенін ғана емес, қалай өмір сүргені жайлы мол мәлімет бере алады», – дейді остеолог Дон Уолкер.
Чартерхаус алаңындағы қазба жұмыстары кезінде табылған ХІV және XV ғасырлардағы қаңқалар жиынтығына жасалған изотоптар және сүйек сараптамасы орта ғасырдағы Лондон халқының азапты өмірінен сыр шертеді. Зерттеу нәтижесінде олардың көпшілігінде аштық белгілері байқалса, алтыдан бірі мешел ауруымен ауырған. Сонымен қатар ауыз қуысы және тіс аурулары, қара жұмыстың салдарынан болатын арқа ауруы мен бұлшықет жарақаты да лондондықтар арасында кең таралған екен. Кейінгі кезеңдерде, яғни 1400-жылдары адамдар денелерінің жоғарғы бөліктерінде көбірек зақымдар байқалады, бұл оба ауруының таралуы кезінде заңға бағынбау немесе тәртіпті бұзуға қатысты дауларды күшпен шешу салдарының ізі болуы мүмкін.
Сонда да жақсы өмір сүргісі келетін ауылдықтар үшін Лондон қуатты болып көрінген. Изотоптар сараптамасы тексерілген қаңқалардың жартысы қала сыртында өскен адамдарға тән екені және кейбіреулері тіпті алыс солтүстік Шотландиядан қоныс аударғандар болғанын көрсетеді.
Жұмыс күні, таңғы сағат сегіздің шамасы, ауа райы ылғалды еді. Каннон Стрит стансысының алдындағы жаяу жүргіншілер жолы адамға лық толы. Жолдың қарсы бетінде орналасқан бұрынғы банк іргетасының орнына қойылған темір қоршауды көпшілік байқамауы да мүмкін. Бұл былай тұрсын, ондағы үлкен әк тастың сынығына көз тастамағандар да бар шығар. Ол – Лондон тасы.
Бұл тастың не үшін қойылғанын ешкім дөп басып айта алмауы мүмкін. Алайда аңызға сенетін болсақ, тас орнынан қозғалса немесе бүлінсе, онда қала да шайқалады, құриды. Осынау жылжымайтын мүлік туралы 1108 жылғы құжаттарда жазылыпты, сол кездің өзінде мұны ең көне тас деп есептеген. XVI ғасырдың антиквары Уильям Кемден бұл тасты римдік миллиярум, яғни Британиядағы барлық қашықтықты өлшейтін шақырымдық римдік бағана деп ойлайды.
Ол туралы Шекспир пьесаларында және Блейк поэмаларында айтылады. Ғасырлар бойы ол Британияның фольклорынан сыр тартатын белгі-бедер болып көшенің қақ ортасында тұрған екен, тек 1742 жылы жол апатына қауіп туғызғандықтан көлденең тас жолдан алыстатылып, көшенің сол жақ бетіне ауыстырылған. Кейіннен әулие Суизин шіркеуінің кіреберісінде, сосын, екінші дүниежүзілік соғыста шіркеу неміс бомбаларынан қираған соң, жаңа шіркеудегі қабырға текшесіне орналастырылған.
«Лондон тасының орнатылған мақсаты – нағыз құпия. Алайда ол Лондон археологиясының тарихында үлкен рөл атқарады», – дейді белгі-бедерлерді сақтауды қатаң ұстанатын ұлттық орган Тарихи Англияның ежелгі ескерткіштерінің бақылаушысы Джейн Сиделл. Сэр Кристофер Рен 1666 жылы Әулие Cуизин шіркеуіндегі алапат өрттен кейін ғибадатхананы қайта салу барысында Лондон тасын қорғау үшін оның айналасын күмбезбен қоршауды да ойластырған. Осының өзі археологиялық байлықтарды қорғау үшін адамдардың барын салғаны туралы алғашқы мысал болып табылады.
Рен Әулие Павел соборының іргетасын қазу барысында табылған Рим заманына тиесілі күйреген қалдықтарға тиісті қамқорлық жасай алмаған. Әйтсе де, жергілікті антиквар Джон Коньерс есімді азамат келешек ұрпақ үшін қолынан келгенін аямапты. Ол Реннің қызметкерлеріне ере жүріп, ескертпелерді жазып, жәдігерлерді қапқа салып, сызбаларды анық жасап, жүргізген. Сондықтан да тарихшылар оның бұл еңбегін әлемдегі алғашқы ресми археологиялық зерттеу деп те cанайды.
1840 жылдарға таман Виктория инженерлері қаланың астында ауқымды кәріз жүйесін салу үшін туннель қазуды бастағанша бұл жұмыс солай қала берген еді. Фармацевт, тиын жинаушы, әрі әуесқой антиквар Чарльз Роуч Смит әлеуметтік келісімді теріске шығарып, ескі киімдерін киіп, жұмысшылардың артынан еру үшін туннельге түсті. Ол Коньерс секілді олардың қазбаларын бақылап, ескертпелерді жазып, сызбаларды жасап, жәдігерлерді қолынан келгенше құтқарып қалды. «Біз білетін археология алаңы осыдан бастау алды», – дейді Кроссрэйлдік Джэй Карвер.
Римдік Британия заманына тиесілі көне заттарды қорғаштап, сақтаған беделді тұлғаның бірі – Роуч Смит. Оның жеке жәдігерлері Лондон музейінің римдік Британия топтамасын ашуға септігін тигізді. Ливерпуль көшесіндегі Роуч Смит тұрған үйдің орнына қазір Кроссрэйлдің археология тобы жайғасқан бизнес блогы бой көтерген. Мұны қаншалықты кездейсоқтық деп қарасақ та, бас археологқа арналған мәңгілік ескерткіш деуге болады. «Роуч Смит–150 жыл бұрын өмір сүргеніне қарамастан біздің санамызда ерекше мәртебеге ие тұлға. Оның археологияға қатысты шолулары мен жазбалары қала айналасындағы әртүрлі өңірлерден табылған заттарды анықтауда көп пайдасын тигізді», – дейді ол.
Лондон археологиясы түгелдей жер астында орналасты деп айту қиын. Өйткені бір кездері қала қоршаудың ішінде болды, ал екінші ғасырдағы Рим қабырғаларының бастапқы ғимараттарын әлі де Тауэр Хилл немесе Сент-Алфэйдж Гарден секілді жерлерден тамашалауға болады. 1940 жылы неміс Люфтваффенінің түнгі бомбалауына ұшыраған Лондон музейінің жанында да Рим қабырғалары сақталып қалған.
«Алайда Лондонның ең ауқымды әрі көзге бірден түсетін археологиялық аймағы – Темза, оның арнасынан су қайтқан кезде бұған нақты көз жеткізуге болады», – дейді Лондон археология музейінің Темза өзенін зерттеу бағдарламасының жетекшісі Натали Коэн.
Қыстың шуақты таңында күн ұясынан жаңа шыққан кезде әулие Павел соборының күмбезі төменгі тұстан түскен сәулеге шағылыса жарқырайды. Біз Темза жағалауында, собордан сәл төменірек жерде, теңіз балдырлары жапқан тастарды бойлай, төмен қарай, жаңадан салынған жағалау белдеуі арқылы жүріп келеміз. Бұл – сумен тегістелген жұмыр тастардың, жабын тақтайшаларының, жануар сүйектерінің, ыдыс-аяқтың, саздан жасалған мүштік сынықтарының, тоттанған темірдің және түрлі-түсті қалың шыны сынықтарының су әсерінен мүжіліп, жұмырланып қалған жиынтығы.
«Мұнда көзге көрінгеннің бәрі – археология», – деді Коэн бізге ойлы-шұңқырлы жермен келе жатқан кезде, бір жақтан Рим дәуірінің бүркеу тақтасын, екінші жақтан көк түспен бейнеленген викториандық фарфор бөлігін меңзеп.
Толқыны тыным таппайтын жағалау белдеулерінен халық қарасы ешқашан үзілмеген. Бұл маңайдан талапты, күш-қуаты тасыған әуесқой археологтар мен металл детекторын қолынан тастамайтын іздеушілер арылмайды. Коэн мен оның тобы ондай ізденімпаздарды жағалаудағы қорғалатын жерлерді бақылау және жазба жұмыстарын жүргізу үшін жалдайды. Осындай жерлердің бірі – Миллениум көпірінің жанында орналасқан Куинхит. Куинхит туралы алғаш рет ІХ ғасырдың аяғында англо-саксон құжаттарында жазылған, ал ХХ ғасырға қарай ол кемелер қатынасы үшін қолданылыпты.
Ливерпуль көшесінің қазба жұмыстарына қайта оралсақ, археологтар Лондонның қатпар-қатпар ұлы тарихын арши келе, ежелгі Рим кезеңіндегі қабатқа да жетті. Ливерпуль көшесіндегі көне қала қоршауының сыртындағы Уолбрук өзенінің бұрынғы арнасындағы қара балшықтың қалдығынан археологтар қызықты жаңалық ашты: қақпағы жабулы көне қазан табылып, оның ішінен адам денесінің өртелген қалдықтары шықты. Шамамен 2000 жыл бұрын біреу әлгі адам денесі салынған қазанды өзен жағалауына көмсе керек. Бұл ғана емес, сол маңнан 40 адамның бассүйек қаңқасы шықты, олар қылмыскерлердің не қуғын-сүргінге ұшырағандардың басы болуы әбден мүмкін.
«Рим дәуіріне тиесілі бассүйек қаңқалары Уолбрук өзенінің жағалауынан табылғаны туралы бұрыннан білетінбіз. Бірақ біз бұларды Рим зираттарынан ағыспен төменге қарай шайылып келді деп болжағанбыз», – дейді Карвер. Алайда соңғы жылдары табылған заттар басқа да нәрсені аңғартады. «Біз үшін соңғы екі ғасыр бойы осы аумаққа жасалған зерттеулерге қайта оралып, олардың тарих жайлы не айтатындығын саралап, ой сүзгісінен өткізуіміз қажет секілді», – деп жалғастырды ол.
Кезіндегі өзеннен қалған қалың балшық жолақтарына көз жүгірте отырып, Джозеф Конрадтың «Қараңғылық жүрегі» повесіндегі теңізші Марлоудың тыңдармандары күннің Лондоннан асып батып бара жатқанын тамашалап отыратыны есіме түсіп кетті. Иә, «бір кезде Лондон да тәртіп пен өркениетке аса зәру жабайы аймақ болған».
Дереккөз: nationalgeographic.kz