Сауда орталықтарына бара қалсақ, әйгілі брендтердің логотиптерінен көз ала алмай жүреміз. Олардың әрқайсысының астында тарих, мән-мағына бар. Бірі бренд негізін қалаушының есімімен, бірі аяқ астында болған оқиғамен байланысты. Көздің жауын алатын әрі құпияға толы логотиптердің мағынасын осы жазбамыздан оқи аласыздар.
Lacoste – әлемдегі беделді әрі стильді брендтердің бірі. Бұл атауды естігінде, ойымызға бірден кішкентай ғана қолтырауынның бейнесі келеді. Бұл қолтырауынның тарихы мынада: брендтің негізін қалушы Жан Рене Лакост (Jean Rene Lacoste) 1993 жылға дейін, яғни, компанияны құрғанға дейін, теннис ойынының спортшысы ретінде танымал болатын. Сол кездегі Жан Рененің лақап аты Аллигатор еді. Компанияның логотипін ұсынар сәтте Жан Рене күтпеген жерден осы кішкене ғана жасыл қолтырауынды бейнелеген екен. Содан бері бұл қолтырауын Lacoste даңқын көтеріп жүр.
Ал мына Polo Fashions компаниясының логотипінің астарында қандай мағына бар екен? 1968 жылы Белоруссиядан шыққан еврей азаматы Ральф Лившиц (Ральф Лорен) Polo Fashions компаниясының негізін құрайды. Компанияның логотипінде ат үстінде поло ойнап келе жатқан адамның сұлбасы бейнеленген. Ральф Лореннің айтуы бойынша, поло ойыны оған дәулеттің, байлықтың белгісі ретінде көрінеді екен. Бала кезін аштықпен өткізген Ральф әлеуетті ортада даңқы асқан тұлға болғысы келген. Ал бүгінгі таңда Ральф Лорен өз арманына жетті.
Paul & Shark компаниясының атауы аяқ астынан қойылған. Бір күні компанияның негізін қалаушы Жан Людовико Динидің Paul & Shark деген жазуы бар яхтаға көзі түседі. Яхтаның атауы Жан Людовикоға ұнаған болса керек, компаниясын өз есімімен байланыстырып, алғашында, Dini&Shark деп атайды, кейіннен, Paul & Shark атауына ие болды. Компанияның фирмалық түсі – теңіздің түсі: көк және көгілдір түстің реңктерінен құралған.
Fendi италиялық сән үйінің логотипі екі әріптен құралған: бірі – F, енді бірі – «төңкерілген» F. Компанияның негізін қалаушылар – ерлі-зайыпты Эдуард және Адэль Фенди. Логотиптің идеясын ұсынған Карл Лагерфельд қос жұптың тектерін негізге алған екен.
Спорт әлемінде Nike компаниясының алатын орны ерекше. Бұл компанияның логотипінде әдемі жазу мен қанат бейнесі суреттелген және оны Ники есімді жебеуші әйелдің қанатымен байланыстырады. Логотипті 1971 жылы Портленд университетінің студенті Кэролайн Дэвидсон салған, және осы еңбегінің ақысы ретінде небары 35 АҚШ долларын берген. Бұл эмблема жарияланған бойда, бренд тез танымал бола бастады. Содан соң, 1983 жылы Nike компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Фил Найт логотип авторы Кэролайнға логотип бейнеленген алтын жүзік пен компания акциясының белгілі бір мөлшерін сыйға тартқан.
Парижде ХХ ғасырдың басында Коко Шанель негізін қалаған Chanel сауда үйі қазір де өзбеделін жоғалтпаған. Оның логотипінде шиеленіскен қос С әрпі бейнеленген. Бұл логотип ең алғаш рет әлемге танымал Chanel #5 әтірінің құтысында бейнеленіп, 1925 жылы дүйім жұртқа жарияланған. Кейіннен, бұл белгі Chanel сауда үйінің символына айналады. Қос С әрпі Coco Chanel деген мағынаны білдіреді.
Сурет: wallpaper.ultradownloads.com.br, static.wixstatic.com, 4.bp.blogspot.com, showstudio.com, 1wallpaperhd.com, cdn.shopify.com, c1.staticflickr.com